Сарыағаш мектебіндегі жаппай улану: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
Сондай-ақ білім басқармасы балалардың тамақтан уланбағанын мәлімдеді
Түркістан облысында мектепте уланған ұстаздар мен оқушылардың жағдайына қатысты дәрігерлер пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқиғадан соң ауруханаға химиялық заттан улану дерегімен 12 мұғалім және 30 оқушы жеткізілген.
«Үш мұғалім алдымен Сарыағаш ауданының орталық ауруханасына жеткізілгенімен, кейін амбулаторлық ем алуға шығарылды. Ал 6 ақпанда жергілікті емханаға тағы алты мұғалім мен екі оқушы жүгінген. Барлық науқастың жағдайы қанағаттанарлық және стационарлық күтімді қажет етпейді. Тексерілген науқастардың барлығы медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауына алынды», - делінген хабарламада.
Ал аталған жайтқа қатысты пікір білдірген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың жаппай тамақтан улану туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Білім басқармасының мәліметінше, дүйсенбі күні таңертең балалар бояудың иісінен қолайсыздық сезініп, дереу жедел жәрдем шақырылды. Оқушылар ауруханада бір сағатқа жуық болып, одан кейін бірден үйлеріне жіберілді. Қазіргі таңда балалар онлайн форматта білім алуда.
Тек ресми дереккөздерге ғана сеніп, жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз», - делінген хабарламада.
Бүгінде аталған жағдайды зерттеу бойынша жұмыс комиссиясы құрылды.
Еске салайық, Сарыағаштағы мектепте оқушылар мен мұғалімдер жаппай уланып қалғанын хабарлаған болатынбыз.