$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жапонияда жер сілкінісінен опат болғандар саны 77-ге жетті

400-ге жуық тұрғын жараланған

Жапонияда жер сілкінісінен опат болғандар саны 77-ге жетті
Фото: euronews.com

Жапонияда жер сілкінісінен опат болғандар саны 77-ге жетті. Ел Премьер-Министрі Фумио Кисида зілзаладан зардап шеккендерге көмек ретінде қосымша әскер жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Апат болған аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Өйткені, «жаңа жылдық зілзала» атанған бұл апаттан кейінгі 72 сағат аса маңызды. Үйінді астында қалған жандарды кейінгі үш тәулікте құтқарып қалу мүмкіндігі жоғары.

«Зардап шеккен аймақтағы жағдай өте қиын, бірақ 72 сағаттық шешуші кезеңнің аяқталуына дейін, яғни, бүгін кешке дейін мүмкіндігінше көп адамды құтқаруды жоспарлап отырмыз. Біз бар күшімізді саламыз», - деді Жапония Премьер-Министрі Фумио Кисида.

Зардап шеккен, елдің орталық бөлігіндегі Исикава префектурасына жіберілген құтқарушылар саны 2 мыңнан 4600-ға көбейтілді. Жолдардың қирауы және ең көп зардап шеккен аудандардың қашықта орналасуы құтқару жұмыстарын қиындатып жатыр.

Апат аймағына аттанған құтқарушылар, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері мен елдің өзін-өзі қорғау күштерінің сарбаздары үйінділерді тазарту және оқиға орнында адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Билік тағы да жер сілікінуі мүмкін екенін ескертеді.

«Зілзала ошағына жақын Шика атом электр станциясынан бастап басқа да нысандарда ешқандай ақау тіркелген жоқ. Жерасты дүмпулері қайталануы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан барша тұрғындарды барынша сақ болуға шақырамын», - деді Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Есимаса Хаяси.

Еске салайық, 1 қаңтарда Жапонияда 7,6 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Исикава, Ниигата және басқа аудандардың 60 мыңға жуық тұрғыны эвакуацияланды. 33 мыңнан астам үй жарықсыз қалып, зардап шеккен аймақтарда интернет пен ұялы байланыс үзілген. Кейбір ауылдарда ауыз су жоқ.

Серіктес жаңалықтары