Павлодар ауылдары арасында аумағы 1 мың гектарды қамтитын учаске өртенді
Өртті сөндіруге 30-ға жуық адам мен 9 техника жұмылдырылды
Павлодар облысына қарасты Жылыбұлақ ауылдық округінде Сахновка – Жылыбұлақ – Қосқұдық ауылдары арасында жалпы ауданы 1000 га жуық учаскелерде өрт болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тілсіз жауды сөндіруге жеке құрамның 9 қызметкері мен ауданның ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 21 адам және 9 техника жұмылдырылған.
«Қосқұдық ауылында 12 үй бар, онда 30 адам тұрады. Қатты түтінге байланысты Шарбақты ауылының №2 мектеп-интернатына төрт әйел мен 10 бала эвакуацияланды. Ер адамдар өртті сөндіруге көмектесуге қалды. Оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов және ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов шықты. Елдімекендер мен орман алқабына қауіп жоқ», - дейді департаментте.
Сондай-ақ көмекке Павлодар қаласынан өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жеке құрамының 12 қызметкері мен 3 техника жіберілді.