«Балам «Альбумин» дәрісінен көз жұмды». Ақмола облысында сәбиінен айырылған ана әділдік іздейді
2021 жылы қазан айында туған бала 2023 жылдың 26 қаңтарында көз жұмған
Ақмола облысының тұрғыны Анна Манзурова 1 жас үш айлық ұлы Арсений Манзуровтың өліміне дәрігерлерді кінәлап, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Анна Манзурова 2023 жылдың 17 қаңтарынан, яғни баласы алғаш ауырған күннен бастап оның өлімі тіркелген 23 қаңтарға дейінгі оқиғаларды сәт-сәтімен тізіп жазған.
«Балам 2021 жылдың 26 қазанында туған. 2023 жылдың 17 қаңтары күні баламның мойны ісігенін байқадым. Өзім тұратын Ақмола облысы Шортанды ауданы «Пригородный» елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пунктке бардым. Ол жердегі медбике бізді Шортанды аудандық ауруханасына жолдады», - дейді Анна Манзурова.
Оның айтуынша, Шортанды аудандық ауруханасының дәрігерлері баладан бірнеше анализ алып, хирург дәрігерге жолдама берген. Жергілікті хирург «мойын лимфодениті» деген диагноз қойып, ем жазып берген. Арада бес күн өткен соң, яғни 22 қаңтар күні баланың аяғы ісіп кеткен, дене қызуы да көтерілген. Дабыл қаққан анасы тағы да «Пригородный» кентінің медбикесіне жүгінген соң үйіне келген медбике Шортанды аураханасына телефон шалып, жағдайды баяндаған. Баланың аяғының суретін көрген Шортанды ауруханасының хирург дәрігері оның ішіп жатқан дәрісі, дәлірек айтсақ, «Амоксиклав» антибиотигіне аллергия болған деген диагноз қойып, дәріні ауыстырған.
«Шортанды аудандық ауруханасының хирург дәрігері ауруханаға келудің қажеті жоқ деді. Бірақ үйде отырған медбике екеуіміз баланы не де болса, ауруханаға апарайық деп шештік. Өйткені, баламның аяғы әлі ісіп тұрды. Бізді қабылдаған хирург дәрігер түні бойы ауруханада ұстап, анализ алды. Ертеңгі күні баламның бүйрегіне ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, сағат түскі 13.00-де бізді Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жолдады. Сағат 15.00-де біз осы аурухана жеттік. Бұл қаңтардың 23-індегі жағдай еді», - дейді марқұм баланың анасы.
Көкшетаудағы балалар ауруханасының дәрігерлері баланың іш құрлысын түгел ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, біраз анализ алған.
«Баламды емдеуге кірісен дәрігер әрі бөлім меңгерушісі Мақпал Қожатай «кейде баланы емдеу үшін айлап уақыт кетеді» дегенді меңзеді, бірақ баламның жағдайы нашарлай берді. Оған тиісті дәрілерді егіп жатса да, баламның ісігі кетпеді. 26 қаңтар күні дәрігерлер консилиум өткізді, сол жиында мен дәрігер нефролог Әбішеваға жағдай қиын екенін, баламның денесі ісіп кеткенін, ол ісікті қайтару үшін дәрігерлер ештеме істемей жатқанын айтып, шағымдандым. Балам компьютерлік томофграфиядан өткен соң нәтижесін алып Астанаға кетемін дедім. Дәрігерлер консилиумнан кейін балама «Альбумин» дәрісін глюкоза және калий сұйықтықтармен араластырып, емдейміз деген шешім қабылдады. Сол күні кешкі сағат 17.00-ден ертеңгі күні таңғы сағат 08.00-ге дейін балам сол сұйықтықты қабылдады. 27 қаңтар күні таңертең баламның денесіндегі ісігі қайтып, жағдайы жақсарды. Медбике келіп балама «Сульцеф» антибиотиігін егіп кетті. Сол күні сағат 10.00-де баламды басқа ауруханаға апарып, компьютерлік томографиядан өткізді.
Баламның жағдайы жақсарып, біз қайтадан сол Көкшетау облыстық ауруханасына келіп, түскі аш іштік. Асхананың жанында мен нефролог дәрігер Әбішеваны көріп, баламның аяғындағы ісігі кеткенін айттым. Ол «консилиумнан кейін қабылданған шешімге сай ем жалғастыра береміз» деді. Балам асханадан өз аяғымен жүріп шықты. Содан кейін кезекші медбике «Палатаға барыңыздар, ем қабылдайсыздар» деді. Мен «Қандай ем?» деп едім, «кеше, 26 қаңтарда қабылдаған сұйықтық» деді. Баламды алып, палатаға бардым. Сол арада ем жүргізіп жатқан Мақпал Қожатай компьютерлік томографияның нәтижесі жақсы екенін, баламда ешқандай ісік жоқ екенін айтты. Содан кейін медбике келіп «Альбумин» препараты қосылған сұйықтықты жалғап кетті. Бір-бір жарым сағат уақыттан кейін баламның жағдайы күрт нашарлады. Ентігіп, іші ісіп кетті, жүрек қағысы күшейді», - дейді ана.
Бір палатада жатқан келіншек екеуі жан-жаққа айқайлап, көмек шақыра бастаған. Көмекке алдымен реаниматолог дәрігер келген.
«Палатаға жүгіріп келген реаниматолог дәрігер баламды тексерді, бәрімізге естілетіндей, «Баланың бауыры ісіп кетіпті ғой» деп айқайлады. Содан ол жалғанып тұрған сұйықтықтағы бөтелкені жұлып алып, оның іші көпіршіп кеткенін көрді де медбикеге: «Мына дәріні суық қалпында әрі өте тез салғаның не?» деп айқалады. Баламның қан қысымы 200-ге дейін көтеріліп кетіпті. Демала алмай, қысылып кетті. Реаниматолог оны алып аурухананың алтыншы қабатындағы реанимация бөліміне алып кетті. Бұл кешкі сағат 17.00 еді. Мені ол жерге кіргізбеді. Арада екі сағат өткен соң, яғни сағат 19.20-да мені реанимация бөліміне шақырған дәрігерлер «Балаңыз жан тапсырды» дегенді естіртті...» - дейді Анна.
Анна Манзурова өзінің де медициналық білімі бар екенін айтады. Баласы тікелей медбике мен дәрігерлердің біліксіздігінен көз жұмды дегенге бек сенімді.
«Өйткені медбике «Альбимун» дәрісін жылытпай, суық күйінде әрі өте тез жылдамдықта енгізген. Осыдан барып балам анафилактикалық шок алды. Медициналық сараптамада балаға «Альбимум» дәрісі құйылғанын жазбапты. Бұл істі қазір Шортанды аудандық полиция бөлімі тергеп жатыр. Дегенмен тиісті құжаттар алынбай, сараптамада біраз фактілер жазылмаған. Мен осы істің әділ тергеліп, баламның өліміне кінәлі дәрігерлердің жазалануын қалаймын. Сап-сау балам айналдырған он күннің ішінде өліп кетті», - дейді ол.
Azattyq Ruhy тілшісі осы іске қатысты Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаментіне сұраухат жіберді.