$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.02.2020, 01:06
Оқиғалар

Шамалғандағы апат: Жүргізушінің жесірі күйеуінің өліміне балалы әйелді кінәлады

Әйелдің айтуынша, күйеуінің аман қалатын мүмкіндігі болған екен

Шамалғандағы апат: Жүргізушінің жесірі күйеуінің өліміне балалы әйелді кінәлады
Фото: tengrinews.kz

Шамалғандағы қайғылы оқиғаға қатысты сот ісі жалғасуда. Сотта марқұм автобус жүргізушісінің әйелі апат кезінде балаларымен бірге зардап шеккен әйелді кінәлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасай отырып.  

Алматы облысындағы Шамалған бекетінде болған қайғылы оқиғаға байланысты жүріп жатқан сот барысында автобус жүргізушісінің жесірі күйеуінің өліміне балаларын ерткен әйелді кінәлады. Оның айтуынша, күйеуі сол әйелдің кесірінен пойыз келіп соққанға дейін көліктен шығып үлгермей қалған. 

Айта кетсек, оқиға орнында болған екі қыздың анасы бұл істе зардап шегуші болып танылып отыр. 

«Сіз неге үндемей тұрдыңыз? Сіз айғайлап, маған қарай балаларыңызды лақтырып жіберсеңіз де болар еді ғой. Мен оларды ұстап үлгеретін едім. Қолым сынып кетсе де балаларыңызды құтқарып қалар едім», – деп күйінеді марқұм жүргізушінің жесірі Ләйла Жарылғасова. 

Екі әйел де қайғыдан қатты ашынып, шарасыз күйге түскен. Біреуі күйеуінен айырылса, балаларымен бірге ажал құша жаздаған екіншісі бүгінде мүгедек болып қалған. Сот отырысында автобус жүргізушісінің әйелі бірінші болып сөз сөйледі. Ол кондуктор болып жұмыс істейді.

Әйелдің айтуынша, жолаушыларды құтқарып қалу үшін қолынан келгеннің бәрін істеген күйеуінің өзі де аман қалуы мүмкін еді. Алайда есік көзіне жолаушы Эльмира Жәнібекова тұрып алыпты. 

«Есік баспалдағында тұрып алыпты, мен оған: тез шығыңдар, үлгермейсіңдер деп айғайладым. Пойыздың жақындап қалғанын көрген сәтте не істерімді білмедім. Ал ол әйел болса маған бір қарады да сол күйі тұра берді. Сол сәтте, азғантай секунд ішінде пойыз келіп соқты», – дейді ол.

Ләйла Жарылғасованың айтуынша, жолаушы әйел қатты сасқалақтап, балаларын жүргізушінің аяғының астына отырғыза салыпты. Сол себептен жүргізуші автобустан шыға алмаған дейді ол.

Ал қайғылы оқиғадан кейін ұзақ уақыт ауруханада жатып шыққан екі қыздың анасы жүргізуші жесірінің келтірген айыптарын жоққа шығарды. 

«Иә, мен сасқалақтап қалдық деп айтқанмын, бірақ Сіздің күйеуіңізді ұстап қалғаным және сыртқа шығармай қойғаным – өтірік! Мен өз балаларымды жүргізушінің аяғының астына жатқызғаным жоқ, жүргізуші орындығының артына отырғыздым», – деді зардап шегуші Эльмира Жәнібекова.

Бұл іс бойынша басталған сот ісінің жақын күндері аяқтала қоймайтыны белгілі. Өйткені, 80-ге жуық куәгерден әлі жауап алынбаған. Екі зардап шегуші де «Қазақстан Теміржолы» компаниясынан өтемақы талап етуде. Жүргізушінің әйелі – 20 млн теңге, 2 баланың анасы 40 млн теңге талап етіп отыр.

Еске сала кетсек, өткен жылдың 15 қыркүйегінде Шамалған бекетінде пойыз рельсте тұрып қалған жолаушылар автобусына келіп соғылған еді. Автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты, ал 16 жолаушы автобустан шығып үлгергендіктен, аман қалған.   

Қайғылы оқиға салдарынан жолаушы Эльмира Жәнібекова мен оның екі кішкентай қызы ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілді. Олар бірнеше отаны бастан өткеріп, ұзақ уақыт бойы емдеуде жатып шықты.   

Серіктес жаңалықтары