$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.10.2019, 18:08
Жаңалықтар

Шамалғандағы апаттан соң ауруханада жатқан екінші қыз есін жиды

Үш жастағы қыз арнайы зонд арқылы тамақтанып жатыр

Шамалғандағы апаттан соң ауруханада жатқан екінші қыз есін жиды
Фото: ашық дереккөзден

Шамалған теміржол бекетінде зардап шеккен бір отбасының екінші қызы бүгін есін жиды. Оның орталық-жүйке жүйесінің зақымдануы, тетрапарез түріндегі қозғалыс бұзылуы бар. Бірақ жағдайы тұрақты ауыр, дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары. Үш жастағы қыз арнайы зонд арқылы тамақтанып жатыр.

Апаттан зардап шеккен екі қыз да қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасының неврология бөлімшесінде ем алып жатыр. Олар бұл бөлімге қазан айының 3-де ауыстырылған. Басқарма өкілдері ересек қыздың жағдайы ауырлықтың орташа дәрежесінде екенін айтады. Бес жастағы бүлдіршін өздігінен тамақтанады және өздігінен жүреді. Тек оң жақ иығындағы сынық әлі бітпегендіктен, гипс салынған.

Оқи отырыңыз: Шамалғандағы жол апатынан зардап шеккен екі бүлдіршіннің жағдайы өте ауыр

Дәрігерлер алдағы уақытта екі қызды оңалтудың екінші кезеңін жоспарлап отыр.  Балалар барлық медициналық көмекті толық көлемде алады. Жағдайларына қарай білікті мамандармен консилиумдар өткізіліп отырады, дейді балалар клиникасының мамандары. Ал осы көлік апатынан зардап шеккен олардың анасы үйге шығарылған.

Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйек күні кешке Ақсеңгір-Шамалған теміржол бекетінде жолаушылар пойызы кептелісте тұрған автобусты қағып, бір адам қайтыс болды. Бір отбасынан үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген болатын. Олардың ішіндегі екі бүлдіршін кома жағдайында бірнеше апта жансақтау бөлімінде жатты.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары