$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.10.2019, 15:13
Жаңалықтар

Ілияс Жансүгіровке ескерткіш қойылды

Биыл ақынның туғанына 125 жыл

Ілияс Жансүгіровке ескерткіш қойылды

Алматы облысында қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Биыл ақынның туғанына 125 жыл. Сталиндік қуғынның құрбаны болған Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші өзінің туған жері Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылында ашылды. Бастама Елбасының «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің демеушілігімен іске асып отыр.

«Бұл ескерткішті Ілиястың ұрпақтарымен ақылдаса отырып жасадық. Ақынның ұлы Саят Жансүгіров әкеміз үнемі көзілдірік тақпаған деген соң көзілдіріксіз жасаттық. Бұл мүсінді ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен орнаттық. Кәсіпкерлер елдің экономикасына ғана емес, руханиятына да жұмыс істеуі керек. Арқалы ақынның тұғырына қонған ескерткіші, ел көлемінде тойланып жатқан 125 жылдығы құтты болсын!»,- деді меценат Молдияр Нұрбаев.

Еңселі ескерткіштің авторы – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, мүсінші Қазбек Дулатов. Биіктігі бес метр, салмағы 18 тонналық алып ескерткішті дайындауға екі жылдан аса уақыт кетіпті.

«Бүгін туған жерінің төрінен ақынға арналып ескерткіш орнатылып отыр. Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақтың Абайдан кейінгі заманындағы аса дарынды ақыны Ілияс Жансүгіров, оның поэзиясы ойға қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия» деп баға берген еді. Халқымыздың біртуар перзенті, қазақ поэзиясының дүлдүлі, алты алаштың ардақты ақыны Ілияс Жансүгіровтің мерейтойы құтты болсын!», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Ескерткішпен бірге ақынның 20 томдық шығармалар жинағының да тұсауы кесілді.  Шығармаға бұған дейін көпке беймәлім болған еңбектері де енген. 44 жасында жаламен атылған ақынның шығармаларын түгендеу үшін арнайы экспедиция Мәскеудің архивтерін ақтарып, құнды қолжазбалар әкеліпті.

Зерттеушілердің сөзінше, 20 томдықтың оқырманға жол тартуы - ілиястанушыларға ақынды өзге қырынан тануға мүмкіндік береді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары