Шамалғандағы жол апатынан зардап шеккен екі бүлдіршіннің жағдайы өте ауыр
Мамандар Шамалғандағы жол-көлік апаты салдарынан жарақат алған екі бүлдіршін мен олардың анасының қазіргі жай-күйі туралы айтып берді
Кеше Алматы облысына қарасты Шамалған стансасында жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысып, жол апатынан 9 адам әртүрлі деңгейде жарақат алып, бір адам оқиға орнында қаза тапты. Зардап шеккен тоғыз адамның үшеуі 3 және 5 жастағы балалар мен олардың анасы болатын. Қазір олардың барлығы Қарасай аудандық орталық ауруханасында жансақтау бөлімінде жатыр. «Азаттық рухы» тілшісі екі бүлдіршін мен олардың анасының қазіргі жай-күйін мамандардан сұрап білді.
Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының директоры Ролан Нұрбаев зардап шеккен екі бүлдіршіннің де жағдайы өте ауыр екенін айтты.
«3 және 5 жастағы екі бүлдіршін де бір отбасының балалары. Екеуінің де жағдайы қазір өте ауыр. Бес жасар қызға кеше операция жасалды. Ашық ми жарақатын алған. Кеше нейрохирург ота жасап, басындағы ұйыған қанды алды. Оған қоса оң қолы сынған, қазір жағдайы өте ауыр, комада жатыр. Үш жастағы қыздың да жағдайы ауыр, ол да ашық ми жарақатын алған. Бірақ, оған операция жасау қажет емес, қазір ол да комада жатыр. Түннен бері екеуінің жағдайы жақсарған да, нашарлаған да жоқ, бірқалыпты. Алматы облысынан, Алматы қаласынан арнайы мамандар келіп жатыр», - дейді Ролан Нұрбаев.
Ал, балалардың анасының жағдайы туралы «Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы» МКК директоры Жұмахан Молдақұлов айтып берді.
«Анасының да жағдайы өте ауыр, жағы бірнеше жерден сынған. Сол жағындағы бұғанасы және бір қабырғасы сынған. Оң жағындағы иық сүйегі және үш қабырғасы сынған. Сонымен қатар, жабық ми жарақатын алған. Қазіргі жағдайы бірқалыпты, бірақ ауыр. Есін толық біледі, бірақ әлі жансақтау бөлімінде болады. Алдағы уақытта Қаскелеңнен облыстық ауруханаға ауыстыруды жоспарлап отырмыз, сонда иығы мен бұғанасына операция жасаймыз», - дейді маман.
Сұхбаттасқан - Әмірболат Құсайынұлы