Шамалғандағы пойыз апаты: жәбірленуші 40 млн теңге моралдық шығын талап етті
Эльмира Жәнібекованың екі кішкентай қызы мүгедектер арбасына таңылып қалды
Алматы облысында теміржолда болған жантүршігерлік апаттан зардап шеккен отбасы моралдық шығын ретінде 40 миллион теңге талап етті. Өйткені, жәбірленуші Эльмира Жәнібекованың 4 және 5 жастағы қос қызы қазір мүгедектер арбасына таңылған. Ал бекеттегі қайғылы оқиғаға күдікті ретінде сол күні өткелде кезекші болған азамат тартылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы облысындағы жантүршігерлік апаттың бүгінгі кезекті сот отырысына келгендердің қарасы қалың. Сотқа 50-ден астам куәгер мен жәбірленуші келді. Отырыс бастала салысымен судья сөзді жәбірленуші Эльмира Жәнібековаға берді. Келіншек қос қызымен бірге сол күні автобус ішінде болған.
«Автобустан шыға алмайтынымды білгеннен кейін екі баламды жүргізуші орындығының артына отырғыздым. Отырғызып үлгергенімде пойыз келіп соқты. Одан кейінгі есіме жоқ, есімді тек далада жидым. Қазір балаларым да, өзім де үйдемін. Жолдасым көмектесіп жатыр. Өйткені, екі балам да мүгедектік алды», – дейді жәбірленуші Эльмира ЖӘНІБЕКОВА.
Жүрегі қан жылаған ана қыздарының келешегіне алаңдайды. «Дәрігерлер қолдан келгенді жасағанымен, бүлдіршіндерім өздігінен жүріп-тұра алмайды» дейді. Қорғаушысы сот отырысында отбасының моралдық шығынын өтеп беруді сұрады.
«Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ осы қылмыстық іс бойынша азаматтық жауапкер ретінде танылуы тиіс деп санаймын. Және «Қаскелең автобус паркі» осы іс бойынша азаматтық жауапкер болуы тиіс. Жәбірленуші Жәнібекова мен оның кәмілетке толмаған екі баласының әрқайсысына 20 млн теңгеден моральдық зиян келгені есептелді», – деді жәбірленушінің қорғаушысы Анар ШЫНЫБЕКОВА.
Елді дүрліктірген апатқа күдікті ретінде сол күні өткелде кезекшілік кеткен 60 жастағы Досбатыр Ахметжанов тартылған. Прокурор оған темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан деген айып таққан. Күдіктінің адвокаты аталмыш айыппен келіспейді. Ол өмірінің жартысын өз қызметіне адал арнаған азаматтың еш кінәсі жоғына сенімді. Сондықтан іске қатысты сараптамаларды «қайта жүргізу керек» деді.
«Айыптау актісі менің ойымша, Солоненка мен Колешниковтың қорытындысы негізінде жасалған. Ол дұрыс емес. 55 секунд кешірек көк нүктені басты деп тұр. Бірақ ол нүктені дәл уақытында басты ма, кеш басты ма, оны бірде-бір құрылғы есептеп бере алмайды. Бұл орысша айтқанда, «искать не причину, а крайного человека, кого можно было сожать!», – деді Алматы облысы Қорғаушылар алқасының қорғаушысы Шәмиян ЖАЙЫЛХАНОВ.
Ал тергеу мәліметтеріне сенсек, диспетчер өз міндетін дұрыс орындамай, темір жол қозғалысы қауіпсіздігінің ережесін бұзған. Апат қаупі төнгенде отарбаның машинисіне жылдамдықты тежеу туралы хабар да бермеген деді. Сот отырысында куәгерлер де көрген-білгенімен бөлісті.
Айта кетейік, Шамалған бекетіндегі апат былтыр қыркүйекте болған. Өткелде тұрған автобус бен жүйткіген пойыз соғысып, қоғамдық көлік жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Сондай-ақ үш адам жансақтау бөліміне түсті.
Жалпы, жантүршігерлік апатқа қатысты істе 50-ден астам куәгер бар. Бүгінгі отырыста олардың жартысынан ғана жауап алынды. Егер сотта күдікті Досбатыр Ахметжановтың кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені ескертілді. Оған қоса, азамат 10 миллион теңге материалдық шығынды өтіп беруі тиіс.