Ақтөбе облысында зейнеткерлерді алдап жүрген алаяқтар ұсталды
55 жастағы ер адам өз кінәсін мойындады
Ақтөбе облысында зейнеткерлерді «Президенттік зейнетақы беріледі» деген сылтаумен алдап жүрген алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқтар зейнеткерлердің үйіне кіріп, «жыл соңында тағайындалған 2080 теңгені құрайтын президенттік зейнетақы» туралы ойдан шығарылған әңгімемен алдап кетіп жүрген. Яғни, олар зейнеткер қолына бүтін 10 мың теңгелік ақша ұстатқан соң, оның 2080 теңгесін алып, қалған сомасын қайтарып беруді сұрайды. Содан соң зейнеткердің ақшасы қайда тұрғанын көріп алғаннан кейін, алаяқтардың бірі оны алаңдатып тұрғанда,екіншісі ақшасын ұрлаумен айналысады. Осындай деректердің бірі Қобда ауданының аумағында тіркелген.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтөбе қаласының 55 жастағы тұрғыны анықталып, өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды,тергеу жүргізілуде.
Биыл жыл басынан бері облыс аумағында 206 алаяқтық фактісі тіркелді. Ақтөбе облысының Полиция департаменті әр факті бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп жатқанын айта келе, қала мен облыс тұрғындарынан және қонақтарынан алаяқтар арбауына жол бермеу үшін сақ болып, күмәнді ұсыныстарға алданбауды сұрайды.