$ 524.65  552.19  5.14
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Театр деңгейі плинтустан төмен түсіп кетті»: Әкемтеатр актерлері министр Райымқұловаға шағымданды

Сәбит Әбдіхалықовтың жұмысына қатысты дауласқан актерлер пікірі екіге бөлінді

«Театр деңгейі плинтустан төмен түсіп кетті»: Әкемтеатр актерлері министр Райымқұловаға шағымданды
Фото: Әсет Құндақбаев

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов өз міндетін дұрыс орындамаған. Басшылардың жауапсыздығы салдарынан биыл академиялық тетарға күрделі жөндеу жүргізілмейді. Театрға директор болып келгеніне тура бір жыл  болған Әбдіхалықовтың орнында қалу-қалмауы туралы жиынға жиналған театрдың актерлері өзара екіге бөлініп, министр Ақтоты Райымқұлованың көзінше қызыл кеңірдек болды. Атағынан ат үркетін академиялық театр  әртістерінің жанжалы тоқтамаған соң, министр жиналысты тоқтатып, кетіп қалуға мәжбүр болды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ТЕАТРДАҒЫ ТАРТЫС  АСТАНАҒА ЖЕТТІ

Даудың басты кейіпкері – театр директоры Сәбит Әбдіхалықов. Оның орнынан алынуы мүмкін деген ақпаратқа алаңдаған бір топ актер Президенттен араша сұрап, үшбу хат жолдаған. Нәтижесінде, Мәдениет және спорт министрі, вице-министр, комитет өкілдері бастаған бір топ адам бас қаладан арнайы келген. Көрермен залына бір сәт өздері жайғасқан актерлерге халық әртісі Асанәлі Әшімов басу айтып, проблеманы кезекпен жеткізуге шақырды.

«Сәбит танысым немесе туысым емес. Бірақ келгеніне аз уақыт болса да театрдың өсіп-өркендеуіне көп жұмыс жасаған азаматтың тағдыры талқыға түсіп жатыр. Осындайда оның азаматтығын айта алмасақ, бізге сын. Мәселен, театрымыздың көлік тұрағын реттеп берді, көлік қоятын жеріміз жоқ еді. Лифт жұмыс істемейтін. Оны жөндетті. Театрдың қарызы көп еді, аз уақытта сол қарыздан құтылды. Сыйақы дегенді ұмытқан  едік, Жаңа жыл қарсаңында бір айда екі рет сыйақы берді.  Министрге айтпағымыз, жұмыс істеген адамды алып тастау қиянат», - деді әріптестерінің алдында директорын жақтай сөйлеген  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов.  

Суретте: актер Болат Әбділманов

БАЛ АЙЫНДА ЖҮР...

Әкемтеатрда үш жүзге жуық қызметкер болса, олардың сексеннен астамы сахнада өнер көрсететін актерлер.  Араларында Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сынды атағы бар адамдар аз емес. Биылдан бастап өнер адамдарының жалақысы 50% көтерілгенімен, сахнаның сыртындағы техникалық қызметкерлер мардымсыз айлықпен қалып отыр. Театрдағы ауыр ахуалдың қалыптасуына директордың тағдырынан бөлек, осы мәселе де әсер еткен. Спектакльдерде  сан түрлі кейіпкерлерді сомдап жүрген әртістердің пікірі екіге жарылды. Микрофонға жүгірген актерлер қазіргі директордың тұлғалық деңгейі төмен деп айғайлады.

«Театр ойыншық болды. Киелі шаңырақ саналатын театарға тұлғасы биік басшы керек. Сәбитті  тұлға деп есептемеймін. Оны өнегелі адам деп санамаймын. Жылдап келмейтін актерлер бар. Бірақ олар жалақы алады. Ал Сәбит Әбдіқалықовтың өзі «Сахнада  рөл ойнай алмаймын» дейді. Академиялық тетарға басшы бола тұра, өзі рөлдерде ойнай алмауы қалай? Бал айында жүр ме, ауырып жатыр ма, өзін мүлдем көрмейміз», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері  Дария Жүсіп.  

М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актрисасы Дария Жүсіп

Суретте: М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актрисасы Дария Жүсіп

САФ ӨНЕРДІҢ ҚАСИЕТІ КЕТТІ 

Әзірбайжан Мәмбетов 30 жылдай, Есмұхан Обаев – 13, ал  Тұңғышбай Жаманқұлов 11 жыл киелі шаңыраққа жетекшілік етіп, академиялық театрдың атағын аспандатқан. Ұжымының айтуынша, соңғы жылдары театр басшыға жарымай келеді. Минстрліктен тағайындалған директорлар алты ай, ары кетсе бір жыл көлемінде ғана отырады. Басшыны жақтап, өзара алауыз болған жерде өнер өрге баспайды. Өзара өсек, бастықтың айтағымен алауыздық болған жерде саф өнердің қасиеті кетеді деп ашынды әртістер. Көрермен көңілінен шығатын премьералар жоқтың қасы. Ал аншлаг болмаса да,  мақтаумен аяқталып жатқан қойылымдар, шындығында, студенттердің дипломдық деңгейіндегі пьесалар деді ашынған әртістер министрге.    

«Өте келеңсіз, ұят іс мынау. Әуезов театрының жаман атын шығардық. Өзара шешуіміз керек еді. Басшылыққа әу баста ішкі мәдениеті, ой өрісі жоғары, адал басшы келуі керек еді.  Министрліктен өтінеріміз, басшылыққа кім келсе де, дені сау, өресі жоғары, талғамы бар адамдарды қойсаңыздар. Әзіл-сықақ әлемінде жүрген адам академиялық театрға қалай жетекшілік етеді? ТЮЗ-дағы (Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – ред.) «Қобыландыны» осында әкелді. Ол ертегі жанрындағы қойылым ғой. Ал «Қар қызын» алсақ, ол студенттердің дипломдық деңгейіндегі спектакль. Театрдың  деңгейі плинтустан төмен түсіп кетті», - дейді актер  Берік Айтжанов.

Актер Берік Айтжанов

Суретте: актер Берік Айтжанов

ТЕАТР ҚАРЖЫДАН ҚАҒЫЛДЫ

Ой-пікірден соң сөз алған министр Ақтоты Райымқұлова жалақысы жоғарыласа да, сахнаға дайындықсыз шығып, даумен жүру – жұмысқа жауапсыздық деп, актерлердің өзін сынады. Министрдің сөзінше, театрдың директорына ешкім қысым көрсетпеген. Ең бастысы, биыл академиялық театрға мемлекет қаржы бөліп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек болған. Алайда жобалық-сметалық құжатты театрдың әкімшілігі дайындамағандықтан, жоспарлы жұмыс биыл жүргізілмеуі мүмкін. Оның сыртында, тексеріс жүргізген Есеп комитетінің директорға қояр сұрағы әлі бітпеген.

ҚР Мәдениет және спорт министрі  Ақтоты Райымқұлова

Суретте: ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова

«Өкілетті орган ретінде мемлекеттік ұжымдарды қараймыз. Есеп комитеті тексеріп келіп, кемшіліктер үшін айыппұл да салған. Құрылыс үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға тапсырыс берген едік. Бірақ олар бір жыл болды, әлі жасамады. Осы қаңтар айында Сәбиттің өзі мені жұмыстан босатыңыз  деп арыз жазды. Бірақ одан кейін өзі жұмысқа жарамсыздық парағын аштырып, шетелге кетіп қалды. Той жасапты, құтты болсын. Оның жұмысқа шығуын күтеміз. Ұжымның айтқан жауабы біздің шешімдерімізге әсер етеді. Бұл ұжымның осындай халге түсуі  жақсы емес», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі  Ақтоты Райымқұлова. 

М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының директор орынбасары Әлібек Әмірсейітов

Суретте: М. Әуезов атындағы академиялық драма театры директорының орынбасары Әлібек Әмірсейітов

Ал министрдің айыптауына қарсы шыққан театр директорының орынбасары Әлібек Әмірсейітов қателік бізден емес деп отыр. Тіпті, тек  жобалық құжатқа 57 миллион теңгенің тендері жарияланып, оның 30%-ы бөлініп те қойған. Министр Райымқұлованың сөзін жоққа шығарған директордың орынбасары тек мемлекеттік сараптаманың қортындысы ғана қалғанын айтады. Дауға ұласқан жиын соңында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов 26 ақпаннан бастап Әмірсейітовпен қоштасатындарын мәлімдеді. 

Серіктес жаңалықтары