$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.09.2019, 20:28
Жаңалықтар

Шамалғанда жолаушылар пойызы автобусты соқты

Алматы облысы әкімдігі берген мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан

Алматы облысына қарасты Шамалған стансасында жолаушылар пойызының автобусты соққан видеосы әлеуметтік желіде таралып жатыр.

Алдын ала ақпарат бойынша, Шамалған стансасындағы жол көлік оқиғасынан 1 адам мерт болып, 9 адам жараланған. Алматы облысы әкімдігі берген мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасынан тек автобус жүргізушісі қаза тапқан. Оқиға орнына қажетті көлемде жедел жәрдем көліктері мен тиісті сала басшылары жетті. Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев оқиға орнында. Жақын арадағы ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Руслан Иманқұловтың берген ақпаратқа сәйкес, оқиға Алматы облысындағы Шамалған станциясында болған. Автобус жүргізушісі сигналды елеместен пойыз жүретін жолға шығып кеткен. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бұл оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев twitter парақшасында:

"Алматы обл. Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде поезд автобусқа соқтығысты. Автобуста 67 адам болған. Бір адам көз жұмды, жарақат алғандар бар. Туған-туыстарына көңіл айтамын. Тергеу жұмысы басталды", - деп жазды.

Серіктес жаңалықтары