$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.02.2020, 18:01
Оқиғалар

Алматыда үш бала батып кеткен тоғанның иесі анықталды

Алматыдағы үш бала батып кеткен тоған жекеменшік иелігінде болған

Алматыда үш бала батып кеткен тоғанның иесі анықталды

Ауданның аумағындағы Теректі елдімекеніне қарасты су қоймасына Берік Аманбаев есімді жеке кәсіпкер иелік еткен. Қазір тиісті органдар одан жауап алып жатыр. Елдімекенге жақын орналасқан көлді қоршау және ол жерге ескерту белгілерінің қойылмау себептерін мамандар анықтайтын болады. Бұл туралы Алатау ауданының әкімі Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

Бұл аумақ бұрын Алматы облысына қараған. Көлемі 13 гектар жердің ішінде орналасқан шағын көлдің ені 20 метр, ұзындығы 40 метрден аспайды. Лас су төгетін тоғаннан жағымсыз иіс шығып жатады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Кеңес үкіметі кезінен бері бұл жер жаман су төгетін орын болған.

Тоған №184 орта мектебіне жақын орналасқан. Түскі 13:00-де басталатын сабаққа кеткен оқушылар мектепке жете алмаған. Ал, қайғылы жағдайда ұшыраған оқушының анасы мұғалімдердің сабаққа қатыспаған оқушылар туралы ата-аналарына хабарламағанын айтады.  

«Ұлымның ұялы телефонын сол күні алып қалған едім. Балам мектепке кезекші болам деп асығып кеткен. Үйдің үлкені. Вадим өлді дегенге соңғы сәтке дейін сенбедім. Мұғалімдері бізге де, ата-аналардың чатына да оқушылардың сабаққа қатыспағаны туралы хабарламады. Су тоғанын неге жаппаған? Түнімен іздедік. Еріктілер мен туысқан інім балалардың сумкаларын тоғанның жанынан тапты», - дейді қайтыс болған 13 жастағы Вадимнің анасы Алеся Сизова.

Жастары шамалас үш оқушының жоғалып кеткені туралы хабарлама ТЖД-нің 112 пультіне таңғы сағат 04.31-де түскен. Оқушылар Алматы қалалық білім басқармасына қарасты №184 мектептің 7 «б» және 7 «г»  сыныбында оқыған. Оларды іздестіруге еріктілерден тыс Төтенше жағдай департаментінің 7 қызметкері мен бір техника жұмылдырылған. Марқұмдардың денесі бүгін таңертең сағат 8-дер шамасында табылды. Аудандық атқарушы билік өкілдері қайтыс болған үш баланың денесі туыстарына ертең тапсырылатынын айтты.

«Сағат бірде үйлерінен шыққан, мектепке бармаған. Кешкі сағат тоғызға қарай бізге хабар жетті. Таңғы сағат төрт кезінде үш сумка, екі бас киім табылды. Қазір оқиғаның себебі анықталып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына көмек қала билігі тарапынан көрсетіледі. Жерлеу, ас беру қолға алынады. Жер «Гудвен плюс» ЖШС-ға тиесілі. Қалаға бұл жер 2014 жылы қосылған», - дейді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Айта кетейік, судың тереңдігі 3,5 метр, ал бетіндегі мұздың қалыңдығы небәрі 6 см көлемінде болған.

Үш баланың денесі су қоймасынан табылғаны туралы ақпаратты алғаш болып қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Facebook парақшасында жариялады. Ол марқұмдарды жерлеу рәсімдері барысына және олардың ата-аналарына қолдау көрсетілетінін мәлімдеген еді. Денис Мельников, Вадим Сизов, Сабыр Дүйсенғалиевтердің өлімінің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Ришат Асқарбекұлы, Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары