Алматыда жоғалған үш оқушы суға батып кетті - Бақытжан Сағынтаев
Бұған дейін әлеуметтік желілерде үш оқушының із-түссіз жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған еді
Алматыда жантүршігерлік оқиға тіркелді. Бұрнағы күні әлеуметтік желілерде 2006 жылы туған үш оқушының із-түссіз жоғалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Олар үйлерінен шығып мектепке кетіп бара жатқан жолда суға батып кеткені белгілі болды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Жазым болған оқушылардың отбасылары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біздің балалар мұзы жұқа су айдынында көз жұмды. Полиция департаменті мен ТЖ қызметтеріне себептерін тергеу жөнінде арнайы топ құруды тапсырдым. Зардап шеккендердің отбасыларына қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Тергеу барысы менің жеке бақылауыма алынды»,- деді қала басшысы.
Құтқару қызметтері Алатау ауданында жоғалған оқушыларды іздестіру шараларын тоқтатты. Өкінішке орай, Денис Мельников, Вадим Сизов, Сабыр Дүйсенғалиевтер қаза тапты, делінген жазбада.
Ал Алматы қалалық полиция департаменті үш оқушының өліміне байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады. Алатау аудандық полиция басқармасына балалардың жоғалғандығы туралы 21:00-де қоңырау шалынған. Полиция жасағы және еріктілердің көмегімен іздестіру жұмыстары жүргізілді. «Теректі» шағын ауданындағы су қоймасынан бүгін таңертең сағат 8-де балалардың денелері табылды, делінген қалалық полиция таратқан ақпаратта.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы