$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.02.2020, 23:58
Оқиғалар

Қордай ауданында құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Қақтығыс кезінде құжатын жоғалтқан тұрғындар жылжымалы ХҚО қызметіне жүгінуде

Қордай ауданында құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Қордайда жағдай тұрақталды, бірақ әлі де төтенше жағдай сақталады. Құқық қорғау органдары баяғыша күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Қазір әлеуметтік нысандар мен сауда орындары жұмыс істеп тұр. Жұрт үйлеріне оралып, тіршілік қамына кіріскен.

Масаншы, Ауқатты, Сортөбе ауылдарындағы білім беру мекемелері де жұмыс істеп тұр. Мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері күнделікті жұмыста. Бұл елдімекендердегі 9 білім ошағы мен 7 балабақшада 12 мыңға жуық бала оқып, тәрбие алуы тиіс. Бірақ әзірге оқушылар саны толық емес.

«Мектептерде мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп,  Қырғызстанға өтіп кеткен ата-аналарға хабарласып жатырмыз. Кеше алғашқы легі Қырғыз елінен қайта оралып жатқан. Кешегіге қарағанда мектепке келген балалар саны 500-ден асты. Қазір  3 мыңға жуық оқушы оқып жатыр. Сонымен қатар, коммерциялық дүкендердің барлығын аралап көрдік. Азық-түліктің барлығы жеткілікті. Тұрақты түрде жұмыстарын атқарып жатыр», - деді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов.

Тағы бір мәселе - біраз тұрғынның жанжал кезінде құжаттары жоғалған. Қазір оларға ыңғайлы болу үшін жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнге дейін 400-ден астам адамның құжаттары қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ эпидемиолог мамандар да жұмыс істеп жатыр. Шекарадан ел аумағына өткен адамдар жіті тексерілуде. Қордай ауданында 4 арнайы бекет қойылып, оған мониторингтік топ жұмылдырылған. 

«Қордай ауданы бойынша 40 мыңнан астам адам өткен екен. Соның ішінде температурасы бар, қызуы бар адамдар тіркелген жоқ. Егер де қызуы тіркелген жағдай болатын болса, оларды тез арада оқшаулап, өздерінің алгоритмі бойынша құзырлы мекеме тиісті жұмыстар жүргізеді. Көктем шыққанша эпидемиологиялық кезең болады», - деді эпидемиолог Күмісбек Рахимов.

Қазір оқиға болған ауылдардың ішін күл-қоқыстан тазарту жұмыстарына күш салынып жатыр. Әрбір бүлінген нысанға акт түзіп, құрылыс жұмыстарын бастау үшін сметасы есептелуде. Дәл қазіргі уақытқа дейін өртеніп, қираған  88 нысан мен 47 автокөлік тіркеліп отыр.

Жаппай бейберекетсіздікке жол беріп, ойран салғандар жазаланады. Қазір қайғылы оқиғаға байланысты 25 қылмыстық іс тіркелген.  Жаппай тәртіпсіздік, кісі өлтіру, бұзақылық, билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, заңсыз қару жасау сияқты деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратурамен құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті жерде жағдай тұрақты. Кеше 6 ауылдың ақсақалдары бас қосып, бір мәмілеге келді.  

Серіктес жаңалықтары