Нұр-Сұлтанда пәтер өртінен 1 адам қаза тапты
Тұрғын үйден 20 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды
Нұр-Сұлтандағы алтықабаттық тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан бір адам қаза тапты. Құтқарушылар 20 ересекті және 9 баланы құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
12 ақпан күні сағат 14.14 шамасында Күйші Дина көшесі, 39/1 мекенжайында өрт болып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына 7 минутта жеткен сөндірушілер екінші қабаттағы пәтердің өртеніп жатқанын анықтаған.
«Өрт орнына келген ТЖД қызметінің өрт сөндірушілер бөлімінің қызметкерлері жалпы аумағы 45 шаршы метрді құрайтын пәтерде өрт болып жатқанын анықтаған. Үйдің кіре берісі қою түтінге оранғандықтан, құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялауға кірісіп кетті. Өрт сөндіру кезінде АКК баспалдағы мен құтқару маскасы қолданылды. Тұрғын үйден 20 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды», – делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт салдарынан ауруханаға әр түрлі жарақатпен 12 адам жеткізілді, олардың 6-уы балалар. Қазіргі уақытта нақты зардап шеккендер саны анықталу үстінде.
Өкінішке қарай, өрт сөндіру кезінде 4-ші қабаттан 1987 жылы туған қыз баланың денесі табылды.
Өрт сағат 14.37-де ауыздықталып, 14.41-де толық сөндірілді. Өртті сөндіруге 9 бірлік техника және 31 адам жұмылдырылды.
Куәгерлердің айтуынша, екінші қабаттағы пәтерден өзге, үшінші қабатта орналасқан пәтер ішіндегі барлық мүлік пен кіре беріс отқа оранған.
Өрттің шығу себебін мамандар анықтауда. Құтқарушылар асығыс шешім шығармай, сараптама қорытындысын күтуді сұрады.