$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.02.2020, 14:40
Оқиғалар

Елордада үш баласы бірдей мектеп бетін көрмеген отбасы тұрады

Олар Қостанайдан көшіп келген, 2 айдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрады екен

Елордада үш баласы бірдей мектеп бетін көрмеген отбасы тұрады
Фото: ашық дереккөзден

«Сарыарқа» ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторлары ұзақ жыл бойы құжатсыз жүрген, үш баласы бірдей мектеп бетін көрмеген отбасын анықтады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

38 жастағы ана балаларының жасы 11, 14 және 15-те екенін, Нұр-Сұлтан қаласында екі айдан бері тұратынын айтқан. Олар бұған дейін Қостанай облысында тұрған. Ол өзінің жеке басына қатысты құжаты жоқтығынан балаларының да атына құжат әзірлеу мүмкіндігі болмағанын айтқан.

Учаскелік инспекторлар тексеру барысында аталмыш отбасындағы үш баланың ешқашан мектеп табалдырығын аттамағанын, үшеуінің де туу туралы куәлігі жоғын анықтады. Сондай-ақ полиция инспекторлары 38 жастағы ананың балаларына тәрбие беріп, көңіл бөлуге мүмкіндігі болмағанын хабарлады.

Ювеналды полиция өкілдері қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, үш баланы медициналық тексеруден өткізіп, оларды білім алу үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің біріне орналастырған. Қазір оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Жақында «Қорғау-Астана» жеке қорының қолдауымен жасөспірімдерге жеке құжат әзірленеді.

Серіктес жаңалықтары