$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.02.2020, 13:38
Оқиғалар

Петропавлда бес қабатты үйдің шатыры опырылып түсті

Тұрғындар бұған пәтер иелері кооперативі төрағасы кінәлі деп отыр 

Петропавлда бес қабатты үйдің шатыры опырылып түсті

Петропавлда бес қабатты үйдің шатыры опырылып түсті. Алдын-ала болжам бойынша оған қалың түскен қар себеп болған. Ескі үйдің шатыры ауыр салмақты көтере алмай, опырылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Көпқабатты үй 1968 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген нысанның төбесі әбден қаусап қалған. Мамандардың мәліметінше, опырылып кеткен аумақ шамамен 24 шаршы метрді құрайды. Жапа шеккендер жоқ. Жоғарғы қабатта орналасқан пәтерлерге де айтарлықтай зақым келмеген. Қар қалың түскен жылдары Петропавлда мұндай жағдайлар жиілейді. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шатырдан ақ ұлпаны уақытылы тазалап отыру керектігін ескертті.

«Оқыс оқиға Интернационал көшесінде орналасқан 2 үйде тіркелді. «112» телефон нөміріне қоңырау ақпанның 11-і күні кешкі сағат 19:46-да келіп түсті. Төтенше жағдай орнына департаментінің екі маманы жетті. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Ең бастысы осы. Қазіргі таңда шатыр не себептен орылып түскені анықталып жатыр. Соңғы кездері өңірімізде қар мөлшерден көп түсіп жатыр. Сондықтан пәтер иелері кооперативтері  төрағаларына айтарым: шатырды қар мен мұз сүңгілерінен уақытылы тазартыңыздар. Ол – адам өміріне қауіпті», - дейді Петропавл қалалық ТЖ басқармасының басшысы Дмитрий Растихин.

Тұрғындар шатырдағы қардың уақытылы тазаланбауы  – пәтер иелері кооперативі төрағасының салғырттығы екенін айтады. Шығын көлемі есептелуде. Үйдің шатырын жөндеу жұмыстарының шығынын кім көтеретіні әзірге белгісіз. Аталған фактіге байланысты арнайы комиссия құрылды. Істің ақ-қарасын арнайы топ анықтамақ.

Мамандар болса төбедегі қар тек материалдық мүлікке ғана емес, адам өміріне де қауіп төндіретінін ескертті.

Эльмира Кәленова, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #оқиға