$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сол аяғыма пышақ сұқты»: Шуда спорт мектебінің бұрынғы басшысы бокс жаттықтырушысынан зардап шеккенін айтты

Оның айтуынша жергілікті полиция күдіктіні тергемек түгілі, қылмыстық іс те қозғамаған екен

«Сол аяғыма пышақ сұқты»: Шуда спорт мектебінің бұрынғы басшысы бокс жаттықтырушысынан зардап шеккенін айтты

Жамбыл облысы Шу ауданындағы №37 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бұрынғы басшысы Azattyq Ruhy редакциясына хабарласып, экс-әріптесінің пышақпен шабуыл жасағанын айтып, шағымын білдірді. Айтуынша жергілікті полиция күдіктіні тергемек түгілі, қылмыстық іс те қозғамаған екен.

Спорт мектебінің бұрынғы басшысы Ғабит Раисов өзінің ескі әріптестерімен жаттығу залында емес, сот отырысында кездесуге мәжбүр. Айтуынша, оны облыстық спорт басқармасының басшысы жұмыстан заңсыз шығарған.

«Мен өз еркіммен жұмыстан кетуден бас тарттым. Содан кейін орынбасарым мен жаттықтырушылардың арасына іріткі салып, 8 адамға арыз жаздыртты. Артынша тексеріс жіберіп, мені ақыры «Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін» деп жұмыстан шығарды», - деген еді ол алдыңғы сұхбаттардың бірінде.

Бұл жанжалдың нүктесі әлі күнге дейін қойылмай келеді. Ғабит Раисов арызданушылар енді күшпен қорқытуға көшті дейді. Ол жуырда ғана өзінің қол астындағы бұрынғы қызметкерінен зардап шеккенін мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда 31 шілдеден 1 тамызға қараған түні Ғабит Раисовты өз подъезінің алдында пышақтап кеткен екен.

«Қуаныш Назарбаев бұған дейін менімен бірге жұмыс істеген. Ол да менің үстімнен арыз жазған жігіттердің қатарынан. Ол өзі жауапкершілігі төмендеу жігіт, қарыздары үшін маған банктен жалқысын ұстап қалу туралы өтініштер келетін. Сол үшін мен оны іс-сапарларға жібермейтінмін. Алайда сотта оның нақты дәлелдері болмағандықтан, оны жәбірленушіден куәгерге ауыстырады.  

Оның алдында бір күн бұрын 30 шілде күні оны есік алдынан көрдім, көлігімен ары-бері өткен еді. Жанына барып не істеп жүргенін сұрап едім, маған балағат сөз айтып, ашуға тимек болды. Бірақ мен ашуға берілмей, үйге бұрылып кетіп қалдым. Ал ертеңіне түнгі 12-ден аса ұлыммен моншадан қайтып келе жатсам, Қуаныш Назарбаев есік алдында тұр екен. Баламды үйге кіргізіп жібердім. Содан екеуміз сөзге келіп қалдық. Маған «кінәңді мойында» деп күш көрсете бастады. Артынша жүрек тұсымнан 3-4 рет ұрды. Сосын сол аяғыма пышақ сұқты. Дәл сол кезде жанымызға оның досы келіп, арамызға араша түсті, көршілер бәрі шулап кеткеннен кейін Қуаныш қашып кетті», - дейді ол.

Жәбірленушінің айтуынша полицияға арыз түсіргенімен, ешқандай іс қозғалмаған екен. Azattyq Ruhy тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, аталған мәселеге қатысты жауап алды.

«1 тамыз күні ауруханадан жамбас тұсынан жарақат алған азамат туралы хабарлама түсті. Содан кейін ол жерге полиция инспекторы барып, зардап шегушіден арыз алды. Жәбірленушінің айтуынша, оған өзінің бұрынғы танысы пышақ сұққан. Жәбірленуші ауруханадан шыққаннан кейін оның ауру тарихы сұрастырылады. Соған сәйкес сот-медициналық сараптама тағайындалады. Сараптаманың қорытындысына орай істің ары қарай қалай өрбитіні белгілі болады. Дене жарақатының ауырлық дәрежесі бойынша қылмыстық іс қозғалады, егер жеңіл дәрежеде болса іс сотқа әкімшілік тәртіппен жіберіледі», - деді Шу ауданы полиция бөлімінің бастығы Олжас Омарбеков.

Сонымен қатар, редакция Шу ауданындағы №37 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен жаттықтырушы Қуаныш Назарбаевқа қатысты мәліметтерді сұрастырды. Белгілі болғандай Назарбаев 29 шілде күні өз еркімен жұмыстан шығу түралы өтініш жазған екен. Ал 1 тамыздан бастап оны жұмыстан босату туралы бұйрық шыққан.

Серіктес жаңалықтары