Атбасарда мас ер адам сегіз жасар қызды шөп арасына сүйреп, зорламақ болған
Бұл туралы қыз баланың анасы әлеуметтік желіде мәлім етті
Ақмола облысы Атбасар кентінде 1955 жылы туған ер адам әжесінің үйіне қонаққа келген сегіз жасар қыз баланы зорламақ болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Полиция ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-тармағы бойынша, яғни «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабы, «Көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қыздың анасы бұл айыппен мүлде келіспейді және ер адам баласының жыныс мүшелеріне қол салғандықтан, полиция Қылмыстық кодекстің 121-бабы, яғни, зорлау бойынша іс қозғалсын дейді.
«Мен зардап шеккен қыздың анасымын. 2022 жылдың 10 тамызында сағат 16.30-17.00 аралығында Ақмола облысы Атбасар қаласында 2014 жылы туған қызыма 1955 жылы туған Мыңжасаров К.М есімді ер адам тап берді. Ол орташа деңгейде мас болған. Бұл адам 20-25 жылдан бергі көршіміз және менің өзімді бала кезімнен біледі», - дейді қыздың анасы.
Ары қарай оқиғаны баяндаған келіншек өзі атап отырған азамат тағы бір ер адаммен бірге ішімдік ішіп отырып, тауық қораға бара жатқан оның сегіз жасар қызына шабуыл жасағанын жеткізді.
«Осы адам тағы бір көршімізбен бірге ішімдік ішіп отырған. Осы уақытта сегіз жасар қызым жер үйіміздің қақпасынан шығып, көршінің үйіндегі тауықтарға жем беруге бара жатқан. Жалғыз бара жатқанын көріп, Мыңжасаров менің қызымды үйіміздің қарсы бетіндегі шөпке қарай шақырған. Оны қолтығының астынан сүйреп, сол жаққа апарып, шалбарын шеше бастаған. Қызымның жыныс мүшелеріне қол салып, бұтыңды ұстатшы деген. Бала жылай бастағанда, оның майкасын жыртып, «айқайлама» деген. Қызымды артынан құшақтап алмақ болғанда, балам сытылып шығып, қашып кеткен. Үйіге жүгіріп келіп әжесіне болған жайтты айтып берген. Әжесі көршінің алдына барып, айқай шығарған. Бірақ ер адам кінәсін мойындамай, керісінше, әжейді боқтаған. Ол полиция шақырып, іс қозғатты», - дейді келіншек.
Бастапқыда айтқанымыздай, полиция 124-баппен іс қозғаған.
«Мен түбегейлі қарсымын. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-тармағына сай келеді. Сол күні оны ұстап, куәгерлерден жауап алып, киімі мен тырнақтарын сараптамаға алды да жібере салды. Қазір ол түк болмағандай өз үйіне оралды. Қызыма осындай әрекет жасаған адам үйіміздің іргесінде жүр. Мұндай қауіпті адамды қалайша бостандыққа жібереді? Қызым қазір есік алдына шығудан қалды, қорқады, түнде шошып оянады. Әлі бала болған соң ер адамның арам ойын білмей, «ол мені ұрлап әкеткісі келді» деп шошиды. Мен өзім Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын, ал Атбасарда жер үйіміз бар. Жазда анамыз жер үйге барып тұрады. Бүгінге дейін ол маңайды қауіпсіз деп ойлап, қызымды әжесінің жанына жіберіп жүргемін. Қазір іс жабылып, адам жазасыз кете ме деп қорқамын», - дейді келіншек.
Ал Ақмола облысының полиция департаменті болса іс шынымен де 124-бап бойынша тіркелгенін хабарлады.
«2022 жылдың 10 тамызында Атбасар ауданының полиция бөліміне А. есімді азаматша хабарласып, 1955 жылғы ер адам Бейбітшілік көшесінің бойында кәмелетке толмаған немересіне тиісіп, шошытқанын айтты. Оның әрекеті қылмыс құрамы бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-тармағында көзделген заң бұзу фактісі ретінде тіркелді. Жағдайдың анық-қанығын тексеру үшін тергеу амалдары жасалып, сот сараптамалары тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеудің нәтижесі бойынша заң процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жариялауға жатпайды», - деп хабарлады біздің сұрауымызға жауап жолдаған Ақмола облысының полиция департаменті.