$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сапарбаевқа айтқан өтінішім үшін жұмыстан қуылдым»: Шу ауданындағы спорт мектебінің басшысы қысым көрген

Оның үстінен орынбасары мен жаттықтырушылар арыз жазыпты

«Сапарбаевқа айтқан өтінішім үшін жұмыстан қуылдым»: Шу ауданындағы спорт мектебінің басшысы қысым көрген
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Жамбыл облысы Шу ауданындағы №37 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бұрынғы басшысы жұмыстан әділетсіз қуылғанын, облыстық спорт басқармасынан қысым көргенін мәлімдеді. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап білді.

2021 жылдың қыркүйек айында сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Токио-2020 Олимпиадасын қорытындылау мақсатында арнайы жиналыс өткізген. Жиын барысында Шу ауданындағы №37 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің сол кездегі басшысы Ғабит Раисов өңірдегі спорт мектебінің жай-күйін баяндап, облыс әкіміне өтінішін білідірген. Алайда базынасын айтамын деп, басы дауға қалған басшы ақыр соңы жұмыстан шығарылыпты.

«Біздің спорт ғимаратымыздың жағдайы нашар. Менің қол астымда 15 жаттықтырушым болды. Залымыз кішкентай, техникалық базамыз да жақсы емес. Залға 30-40 бала жиналған кезде жаттығу өткізу мүмкін болмай қалады. Төбесі пәс болғандықтан бәрі терлеп кетеді. Ғимарат 2007 жылы салынған. Бірақ шаршы алаңы кішкентай, ал боксқа келетін балалар саны жыл сайын артып келеді. Осы ретте мен сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа өз ұсынысымды айттым. Дәлірек айтқанда аудандағы бокс спортын дамыту мақсатында бізге «Спорт Тарланы» спорт кешенінен орын беруді сұрадым. Ол арнайы бокс үшін салынғанмен, спорт кешені өз бағытында жұмыс істеп жатқан жоқ», - дейді Ғабит Раисов.

Шу қаласында «Тарлан» спорт кешенінің құрылысы 2015 жылдың мамыр айында басталып, 2016 жылдың күзінде қолданысқа берілген. Ғимараттың ауданы 1 гектар учаскеде орналасқан және екі блоктан тұрады. Спорт кешенінде барлығы төрт спорт залы бар: күрес залы, бокс залы, ауыр атлетика залы, жаттығу залы, сол сияқты әдістемелік кабинеттер, бассейн, демалыс бөлмелері қарастырылған. Іргелес аумақта шағын футбол және демалыс алаңдары да бар.

Дәл осы жиналыстан кейін Ғабит Раисов облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтен қысым көре бастағанын айтады.

«Осы әрекетім Жамбыл облыстық спорт басқармасына ұнамай қалды. Мені үш рет шақырып, қайта-қайта түрлі сылтаулар айтып, «өз еркіңмен жұмыстан шық, шықпасаң басқаша шығарамын» деп қысымдар көрсете бастады. «Неге сен Сапарбаевтың алдында сөйлейсің? Өзіңді көрсеткің келді ме?» деп сұрақтың астына алды. Бірақ мен өз еркіммен жұмыстан кетуден бас тарттым. Содан кейін орынбасарым мен жаттықтырушылардың арасына іріткі салып, 8 адамға арыз жаздыртты. Артынша тексеріс жіберіп, мені ақыры «Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін» деп жұмыстан шығарды», - дейді ол.

Ғабит Раисов облыс әкімімен кездесу болмай тұрып, басқарма өкілдерімен алдын ала сөйлескенін айтады.

«Басқарма басшысы «ұсыныстарың немесе қандай да бір мәселелерің болса айтыңдар» деген. Артынша мен осы мәселені көтеремін деп, басқармаға арнайы хат жібердім. Бірақ нәтижесі осындай дауға ұласты. Бұл кикілжің 20 қыркүйекте болған. Ал 27 қыркүйекте бірнеше жаттықтырушы менің үстімнен арыз жазған. Артынша бірнеше күннен кейін 5 жаттықтырушы қатарынан өтініш жазып жұмыстан шығып кетеді. Мен олардың ешқайсысына қысым көрсеткен емеспін. Ал қараша айында мен жұмыстан кеткеннен кейін, олардың бәрі қайтадан жұмысқа кірді. Бұл әдейі ұйымдастырылған деп ойлаймын. Бұдан бөлек, мен қызмет етіп жүрген жылдары бір жаттықтырушыны Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмыстан шығардым. Ол бірнеше күн жұмыста болмай, іс сапар есебін уақытылы тапсырмаған болатын. Заң аясында бәрін зерделеп, ескертулер жасадым. Бірақ нәтиже болмаған соң жұмыстан шығардым. Бірақ қазіргі басшы басқарманың келісімімен оны кері жұмысқа алған екен», - дейді Ғабит Раисов.

Ғабит Раисов Шу қаласындағы спорт мектебін басқаруға 2017 жылы келген екен. Оған дейін Тараз қаласындағы бокс мектебінде 10 жыл еңбек еткен. Жастар арасындағы бокс клубында аға жаттықтырушы болып жұмыс істеген.

«2013 жылы біз бір жыл бойы Дүниежүзілік бокс академиясында оқыдық.  Сол кездері еліміздегі белгілі жаттықтырушы Юрий Цхай мырзамен таныстым. Мені Шуға шақырған да сол кісі, осы аудандағы боксты көтеруге келдім. Бірақ мұндай проблемаға тап боламын деп ойламаған едім», - дейді ол.

Қазір Шу ауданындағы спорт мектебінің экс-басшысы жұмыссыз. Алайда ол адвокат жалдап, бұл мәселені сот арқылы шешуді көздеп жүр.

Аудандағы спорт мектебіне жаңа басшы келгелі ішкі кадрлар арасында да ауыс-түйістер болып жатқан көрінеді. Аты-жөнін айтуды қаламаған жаттықтырушылардың бірі басшылық тарапынан қысым көріп жатқанын жеткізді.

«Мен бұл жұмысқа былтыр қыркүйек айында орналастым. Бірнеше айдан кейін басшымыз ауысып кетті. Артынша тексеріс болды. Жалпы ауылда бокс спортының болмағанына біраз жыл болған. Балалар әлі толық түсінбейді. Олар бірде келеді, бірде келмейді. Десе де 50 пайызы боксқа тұрақты түрде қатысады. Ауылдың балалалары күн жылы кезде кейде ұмытып кетеді, ойын баласы болғандықтан көшеде жүріп қалады. Осылайша тексеріс келген кезде басшылық соны сылтауратып «балаларың толық емес, олар 100 пайыз келуі тиіс» деп тиісе бастады», - дейді жаттықтырушы.

Жаттықтырушының сөзіне сенсек, жаңа басшы жұмысшыларға жұмыс орындарын босату жөніндегі бұйрығын ашық айтқан екен.

«Өткен айда жиналыс болды. Сол жиналыстан кейін жалғыз мен емес, 3-4 адам жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болып отырмыз. Дәл қазір еңбек демалысындамыз. «Демалыстан кейін төленбейтін жұмыс күндеріне шығып, артынша жұмыс орнын босатыңдар» деді. Фамилияларымызды айтып тұрып, жұмыстан кету керектігімізді ескертті. Меніңше мен жұмыс істеп жүрген ауылға сырттан біреу келіп жаттықтырушы бола алмайды. Келгілері келсе, неге бұрыннан келмеген? Бұл жақта бокстың тоқтап қалғанына біраз жыл болды. Біз соны қайта дамыту үшін еңбектеніп жүрміз. Кей қажетті материалдық заттарды өзіміз сатып алған күндер де болды. Ал жаңа басшы керісінше жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатыр», - дейді жаттықтырушы.

Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің анық-қанығын білу үшін облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке телефон шалды. Алайда ол қоңырауға сол күйі жауап бермеді.

Серіктес жаңалықтары