Алматыда экс-прокурор жетім балаларды асырап отырған зейнеткердің үйі мен жерін заңсыз тартып алған
Зейнеткер 16 жылдан бері әділдік таба алмай келеді

1997 жылы Ася Ташанова Каменка ауылдық округі әкімінің қаулысы бойынша Қалқаман кентінен жер учаскесін алады. Қазір бұл аумақ Алматы қаласына тиесілі. Бүгінде зейнеткер үш жетім немересінің ресми қамқоршысы. Немерелерімен бірге аталмыш жер учаскесіне шағын үй салып, бақ отырғызады. Осылайша Ася Ташанова 2005 жылға дейін алаңсыз өмір сүрген. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап шықты.
2015 жылы бұрынғы әскери Бас прокурор (2009-2018 жж) – Ерғали Мерзадиновтың бауыры Жанасбек Мерзадинов өзінің лауазымды ағасының атын пайдала отырып, жерін заңсыз тартып алған.
«Менің Мерзадиновтермен алысып жүргеніме 16 жыл болды, қолымда заңды құжаттарым бола тұра әділдікке жете алмай келемін. Мен жетім балаларды асырап отырған зейнеткермін, сол үш жетім немереме әкімдік 8 сотық жер берген еді. Сол бұрын котлован болған жерді тазартып, екі ауыз времянка салып немерелеріммен өмір сүріп жатқан едім. 2005 жылы үйіме Жанасбек Мерзадинов келіп, өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, шенді ағасы Ерғали Мерзадиновтың астанада лауазымды қызметте отырғанын айтты. Мен ол кезде оның ағасының шынымен ҚР Бас прокурорының орынбасары екенін білмедім. Көп ұзамай Ерғали Мерзадинов ҚР Әскери прокуроры болды. Содан бері бізде сот процестері жүріп жатыр», - деді Ася Ташанова журналистерге.
ЗЕЙНЕТКЕРДІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ КӨЗІНШЕ СОҚҚЫҒА ЖЫҚҚАН
Жанасбек Мерзадинов Ася Ташенованы сотқа беріп, жоғарыда аталған жер учаскесіне меншік құқығын мойындауды талап еткен. Сосын Каменский асыл тұқымды зауытындағы досы А.Б. Жексековтың пайдасына даулы жер учаскесін беру туралы екі бұйрықты көрсеткен. Бір қызығы, Мерзадиновте жер учаскесіне құқық беретін құжаттардың түпнұсқалары әлі күнге дейін жоқ. Әр түрлі инстанциялардағы соттардағы істер көшірмелермен жеңіске жетіп отырған. Алғашқы уақыттары сот қолында заңды құжаттары бар адамның ісінің қаралып жатқанын түсінбей әлек болған. Ася апайдың айтуынша, Алматыда ағайындылардан бірнеше адам жәбір көріп отыр.
«Бұлардан жапа шегіп отырған жалғыз мен ғана емес. Ол менен басқа бірнеше адамның жерін осылай тартып алған, 2009 жылы маған ескертпестен екі ауыз времянкамды сүріп тастады. Кейін мен Бас прокуратурадан соттың Жексековтің пайдасына шешілген шешімі заңсыз деген протест аламын. Судья Анатолий Смолин де барлық шешімдерді шегереді. Содан 9 миллион теңге несие алып, сол жерде қайтадан тұрғызамын. Бірақ 2014 жылы басқа аудандық прокурор өз мөрімен құжаттарды заңды деп таниды да, бұл іс қайта басталады. Сол жылы жанында құқық қорғау қызметкері бар Жанасбек үйіме баса-көктеп кіріп, Кубраков Руслан Александрович деген заңгері екеуі көкала қойдай етіп, ұрып кетті», - деді Ася Ташанова.
ШЕШІМ ШЫҒАРҒАН СУДЬЯЛАР БҰРЫНҒЫ ПРОКУРОРЛАР
Ася апайдың айтуынша заңды құжаттары өз қолында болса да, 16 жыл бойы әділдікке жете алмауының басты себебі – шешім шығарған судьялардың бәрі дерлік бұрынғы прокурорлар.
«Кезінде соттың шешімін шығарған судьялардың барлығы дерлік Мерзадиновпен жұмыс істеген бұрынғы прокурорлар – Самудинова, Амиров, Сартаева, Төлегенов, Мәліктегі, Махпиров. Бұлардың бәрі енді қорқып отыр. Ал Жанасбек Мерзадинов маған және немерелеріме түрлі қоқан-лоқыға толы сөздер айтып, қарсылассаңдар «апаларыңның денесін жертөледен табасыңдар» деп айтқан», - деді Ася Ташенова.
16 жыл бойы әділдік таба алмай жүрген Ася Ташанованың ісіне бір жарым жылдан бері Мадина Жатқанбаева журналистік зерттеу жүргізіп келеді.
«2020 жылы біздің редакцияға келіп көмек сұрады. Біз бұл кісінің өтінішін ала отырып, журналистік зерттеу жасадық. Кәсіби қызметіміздің аясында мемлекеттік мұрағаттарға ресми сауал жолдап, мұрағаттағы құжаттардың бәрін шығардық. Мұрағаттан келген хаттардың жауабы бойынша, Жексековтің атында ешқашан да жер болмаған. Осы дәлел-фактілердің барлығын біз Бас прокуратураға ұсындық, осылайша 2020 жылы Алматы қаласы Наурызбай ауданынының полиция бөлімінде Жексековтің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Тергеу барысында ол өзінде жер жоқ екенін мойындайды. Ол жерде мұрағаттың қызметкері Жексековке сол жылдары берген құжаттарының бәрі дұрыс еместігін дәлелдеп айтып кетеді.
Қылмыстық іс тергелгеннен кейін журналис пен зейнеткер Бас прокуратураға өтініш түсіріп, нәтижесінде Ася Ташановға протест береді.
«Протест шыққаннан кейін біз Жоғарғы сотқа келіп, істі қайта қарауын өтінгенбіз. Өткен апта Жоғарғы сот өкілдері табан асты хабарласып, жұма күні сот болатынын хабарлаған. Күні кеше сот отырысы өтті, жеті бірдей судья Ася Ташенованың ісін қарап протесін кейін шегерді. Ал Жоғарғы соттың ресми сайтында бұл кісінің ісі сотта қарастырылмаған деп тұр. Айта кететіні, Каменка округіндегі жер мен үйдің қазіргі таңдағы құны 300-400 мың долларды құрайды. Үй қазіргі таңда Ерғали Мерзадиновтың әйелінің атында», - деді Мадина Жатқанбаева.
Айта кетейік, биыл ҚР Бас прокуратурасы орын алған сот актілерінің күшін жойып, А.Ташанованың жағына шықты. Бірақ осы жылдың маусым айында ҚР Жоғарғы сотының апелляциялық алқасы прокурорлардың наразылығын назарға алмады және жер учаскесі тағы да А.Жексековке тиесілі деп қаулы етті.