«Барыс» хоккейшілері Қазақстандағы орташа жалақыдан 650 есе көп алады
Қазақстанда ең төменгі жалақы – 60 000 теңге

«Барыс» хоккей клубындағы ойыншылардың жалақысы тағы да инсайдерлердің қолына түсті. Мәлім болғандай, 32 млн теңге жалақысы бар қазақстандық хоккейші мен 39 млн теңге айлығы бар легионердің еңбекақысы көпшілікті ойға қонбастай күйге қалдырды. Azattyh Ruhy сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, кәсіби спорт клубтарындағы ойыншылардың айлығы неге тікелей «Самұрық-Қазынадан» төленіп отырғанын, олар неге аталмыш қордың мойнына мініп алғанын, дәл осы «Барыс» неше легионер ұстап отырғанын жазады.
«МЕМЛЕКЕТ ОЙЫНШЫЛАРҒА ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕУІ МІНДЕТТІ ЕМЕС...»
«Барыстың» миллионер ойыншылары туралы жазып, мәселе көтергендердің бірі – Аслан Қаженов. Спорт журналисі өз сөзінде Қазақстан бір хоккейшіге 40 млн теңге жалақы төлейтіндей өзге проблемаларын шешіп қоймағанын айтып өтті.
«Қазақстанда кәсіби спорт клубтарындағы ойыншылардың жалақылары коммерциялық құпияны желеу етіп, ресми түрде ашық айтылмайтын. Ал қазір менің ойымша, Құрлықтық хоккей лигасы ашықтық көрсету үшін әр клубтан жалақылары туралы есеп сұрататын болған. Кейін ол есеп әртүрлі инсайдерлердің қолына түседі, ақпаратты алдымен Ресейдің БАҚ беттері жазады, кейін Қазақстанның сайттары көшіре бастайды. Міне жалақы туралы ақпаратты солардан алып оқимыз. Жарайды, біз оқыған ақпарат жалған делік, бірақ неше күн өтті «Барыс» клубы да, оны қаржыландыратын «Самұрық-Қазына» да ақпаратты не растамады, не жоққа шығармады, үнсіз. Демек, ойыншылардың жалақысы осы шамада екені рас. Бұл хоккейге ғана қатысты емес, дәл осындай жағдай футбол, баскетбол клубтарында да бар», - дейді ол.
Ол хоккей инвестицияны көп талап ететін спорт түрі, бір баланы хоккейші қылып шығару үшін миллиондаған қаражат жұмсау керек деген пікірлер қате екенін айтып өтті.
«Жұрт қызық, балама кішкентай кезінен ақша салдым, енді мемлекет балама ақша беруге міндетті деп ойлайды. Неге мемлекет оған міндетті? Неге хоккейші бюджеттің мойнына мініп алуы керек? Қазақстанда шешімін таппаған әлі қаншама мәселе бар, біз хоккейдегі легионерлерге миллиондап жалақы төлейтін деңгейге жеткен жоқпыз. Оның үстіне, басқа ешбір елде клубтарға мемлекет бюджетінен ақша бөлінбейді. Ондай елдерде спорт клубтары өздеріне өздері ақша салады, оның сыртынан пайда табады. Ал бізде «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландырады, ал қордың ақшасы – халықтың ақшасы», - дейді ол.
Асланның айтуынша тағы бір қынжылтатын мәселе – Қазақстан легионерлерді Ұлттық құрамаға кіргізу үшін де өте-өте көп ақша шығындайды.
«Легионерлер ойнап-ойнап, алған ақшаларын ақтамай кетіп жатады. Бұл аз болғандай, оларды Ұлттық құрамаға әкеледі. Ұлттық құрамаға өтетін спортшы Қазақстанның төлқұжатын алуы керек. Оны ешкім жайдан жай ақшаға істемейді. Клубта 32 млн теңге жалақыға жүрген адам Ұлттық құрамаға осыдан 2-3 есе көп ақша үшін ғана барады», - дейді Аслан.
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» КЛУБТАРДЫ НЕЛІКТЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ?
Өйткені, жуырда Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті заң жобасына қол қойған. Осы жылғы сәуірдің соңында үкіметтің қаулысы Ашық нормативтік құжаттар порталында талқылаудан өтіп, сайттағы талқылау мерзімі аяқталған соң, қаулы қабылданып кеткен. Маңызды құжатты 232 (!) қазақстандық көріп, небары бір адам теріс пікір қалдырған.
Смайыловтың қолы қойылған құжатта «Самұрық-Қазына» 2022 жылы спортты қаржыландыруға міндетті екені, қорға қарасты «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорын» қолдау керектігі анық жазылған.
«КӨКПАРШЫЛАР АТЫМЕН БІРГЕ КАМАЗ-ДА ТҮНЕЙДІ...»
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов болса бір хоккейшінің жалақысын елдегі бұқаралық және ұлттық спорттың бүгінгі жай-күйімен салыстырды.
«Шығыс Қазақстан облысында көкпаршылардың ипподромы бұзылып, оның орнына үй салынғалы жатыр. Жалпы біздің көкпар тартатын жігіттеріміз жылқысымен бірге түнеп, олардың астын өзі тазалап, жарысқа барарда КамАз-да бірге жатады. Ал хоккейде осындай жағдайда жүрген спортшыны көрдіңіз бе? Ал елорданың іргесінде орналасқан Қоянды ауылының 40 мың тұрғыны бар, бірақ жазда ыстықта, қыста суықта кіріп спортпен шұғылданатын бір спорт кешені жоқ. Ал біз болсақ, бір хоккейшіге 40 млн теңге жалақы береміз. Кейбірі депутаттардың 800 мың теңге жалақысын сөз қылушы еді, 40 млн теңге жалақы депутаттың түсіне де кірмейді», - дейді Берік Дүйсенбинов.
Ал спорт клубтарын қаржыландыру мәселесіне тоқталған депутат «Самұрықтың» кірісін 100 пайыз бюджетке өткізетін уақыт әлдеқашан келген дейді.
«Самұрық-Қазынаның» кірісін 100 пайыз бюджетке беру керек. Олар қазір 50 пайызын емес, тіпті, 30 пайызын емес, 19 пайызын ғана бір реттік акция ретінде бюджетке береді», - дейді депутат.
«БАРЫСТЫҢ» БЕС ЛЕГИОНЕРІ ҚАЙ ЕЛДІҢ АЗАМАТТАРЫ?
«Барыс» хоккей клубында қазір 23 ойыншы, 5 легионер бар. Бұл біздің ашық дереккөзден алған ақпаратымыз. Клубтың баспасөз қызметі бір тәулік ішінде жіберген сауалдарымызға жауап бермей, байланысқа шықпады.
Ашық дереккөзге сүйенсек, клубта екі канадалық, екі швециялық, бір словакиялық спортшы ойнайды.