Қарағандыда мұнай өнімдерін заңсыз сатып келген тұрғынға сот үкімі шықты
Оның үйінен табылған дизель отыны тәркіленіп, мемлекет пайдасына берілді

Қарағандыда мұнай өнімдерін заңсыз иемдену, сақтау және өткізу дерегінің жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті қызметкерлері анықтағандай, Шмидт С.В. есімді тұрғын сатып пайда табу мақсатында өз үйінің аумағындағы гаражда үш цистерна мұнай өнімдерін еш құжатсыз сақтап келген.
«2021 жылы ол еш құжатсыз дизель отынын тасымалдау және өткізу мақсатында жүк көлігіне көлемі 1000 литрлік екі цистернаны заңсыз орнатып алған», - делінген агенттік хабарламасында.
Ведомтсво мәлім еткендей, Шмидт С.В. «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және олардың айналымын мемлекеттік реттеу» туралы Заң талаптарын бұзған, яғни мұнай өнімдерін заңды екенін растайтын құжатсыз сатып алып, сақтап және өткізіп отырған.
«Сот үкімімен оған қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды және қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот шешімімен оның үйінен табылған дизель отыны тәркіленіп, мемлекет пайдасына берілді», - делінген хабарламада.