Жүк көлігі екі автобусқа соғылды: Жамбыл облысында жол апатынан бір адам қаза тапты
Зардап шеккен 11 адам ауруханаға жатқызылды

Алматы –Ташкент тасжолының Жамбыл облысына қарасты бөлігінде жүк көлігінің тіркемесі өртеніп, көлік кептелісі пайда болған. Артынша оқиға орнында қайғылы жол апаты болып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қайғылы оқиға 15 маусымға қараған түні сағат 03:30-да болған.
«Қызылтаң ауылынан жеті шақырым жерде жүк көлігі тіркемесі өртеніп, соның салдарынан көлік кептелісі пайда болды. Артынша шамамен сағат 03:40-та жолдан өтпек болған жүк көлігінің жүргізушісі екі бірдей жолаушылар автобусымен және онға жуық жеңіл көлікпен соқтығысқан. Соның салдарынан 4 көлік өртеніп кеткен (екі автобуста 90 жолаушы отырған). ТЖД өкілдері таңғы сағат 4:40-та өртті сөндірді», - деп жазады TURAN PRESS Тelegram-каналы.
Жол-көлік оқиғасынан бір адам қаза тауып, 11 адам ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ 14 автокөлік (екі автобус, бір жүк көлігі, 11 жеңіл көлік) зақымдалды.