Таразда қаңтар оқиғасына қатысқан тағы 13 адамға сот үкімі шықты
Кінәлілер қаңтар оқиғасы кезінде мүліктерді қиратып, полицияға қарсылық көрсеткен
Таразда осы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарға сот жаза кесті. Заң алдында 13 адам жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Айыптылардың бәрі шартты мерзімге сотталды. Екеуіне 4 жыл, қалғандарына 3 жыл 6 айдан берілді. Олардың дені жұмыссыз. Кінәлілер қаңтар оқиғасы кезінде мүліктерді қиратып, полицияға қарсылық көрсеткен. Оқ-дәрі мен қару-жарақ ұрлаған. Олар сотта өз істеріне өкінетінін айтқан. Сондай-ақ судья бәрінің шиеттей бала-шағасының барын ескеріп, оларды сот залында босатты.
Айта кетейік, бұған дейін қаңтар оқиғасына қатысқан 8 адамға сот үкімі шығып шартты мерзімге сотталған болатын.
Тақырыпқа орай: Жамбыл облысында қаңтар оқиғасына қатысқан 8 адам сотталды
"Сот үкімімен және пробация қызметіне жүктелетін міндеттерді орындауға міндеттісіздер. Түнгі уақытта үйде болу керек. Жұмыс, оқудан тыс уақытта үйде болу керек. Қала, аудан аумағынан сыртқа тек қана пробация қызметінің рұқсатымен ғана шығу керек. Егер пробацияда жүріп, қылмыстық құқықтарға жол берсеңіз міндеттерді, талаптарды орындамасаңыздар онда пробация қызметінің ұсынысымен тағайындалған шартты түрдегі жаза күші жойылып, жаза толықтай өтелетін болады", - деді №2 Тараз қалалық сотының судьясы Бағдат Төребекұлы.