Жамбыл облысында қаңтар оқиғасына қатысқан 8 адам сотталды

Сегіз сотталушы да 4 қаңтарында Таразда полицияға бағынбай, мүліктерді қиратып-жоюға белсене атсалысқан

 

Жамбыл облысында қаңтар оқиғасына қатысқан 8 адам сотталды
Фото: tengrinews.kz

Тараз қаласының №2 сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған 8 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта белгілі болғандай, сегіз сотталушы да 2022 жылдың 4 қаңтарында Тараз қаласында күш қолданып, вандализм, қирату, бұзу, мүлiктi жою сияқты әрекеттерге барып, полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан.

«Сотталушылар наразылық білдіруші топпен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған полиция мен әскери күштердің заңды талаптарына бағынбай, тәртіпсіздіктерге белсенді қатысып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің денсаулығына және материалдық залал келтірген», - делінген Жамбыл облыстық сотының баспасөз хабарламасында.

Сот кінәлілердің қандай қылмыс істегенін анықтады

Атап айтқанда: сотталушы Ж. өз кезегінде 4 қаңтарда сағат 19.00 шамасында, тергеуде анықталмаған басқа да белгісіз тұлғалармен бірігіп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсы күш қолданған, яғни қорғаныс қалқандарын бірнеше рет теуіп, жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.

Сотталушы А. есімді азамат 4 қаңтарда сағат 20:00 шамасында Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының алдына жиналған топқа қосылып, полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, құқық қорғау қызметкерінің резина таяғын күш қолдану арқылы тартып алып, ереуілге шыққан жиынмен бірге жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.

Сотталушылар Е. мен І. 4 қаңтарда сағат 21:00 шамасында Тараз қаласы «Жансая» мөлтек ауданында кездесіп, 5 қаңтарда түнгі сағат 02:45 шамасында Қазыбек би көшесінің бойына келіп, Жамбыл облысы ПД-нің жол патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің қызметтік көлік құралдарын қиратумен ұласқан жаппай тәртіпсіздік жасап жатқан (тергеу барысында анықталмаған) тұлғаларға қосылған. Сонымен қатар қылмыстық іс-әрекеттерін соңына дейін жеткізу мақсатында екеуі автокөліктен түсіп, аталған көшелердің қиылысында тұрған полиция қызметкерлерінің автокөлігінің капотын тепкен. 

Сотталушы Ә. өз кезегінде 4 қаңтарда сағат 22:15 шамасында Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының артқы бетіне автокөлігін қойып, ғимарат алдына жиналған топқа қосылған. Құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсы күш қолданып, яғни ғимаратты қирату мақсатында қорғаныс қалқандарынан итеріп, бірнеше мәрте тас лақтырып, мүлікті қиратуға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.

Сотталушы Ж. 4 қаңтарда сағат 23.00 шамасында 5513 ә/б әскери қызметшілерінің заңды талаптарына бағынбай, күш қолданып, қызметшінің қолынан резина таяқты тартып алған соң соққыға қарсы қалқанын бірнеше мәрте ұрып-теуіп, жаппай тәртіпсіздікке белсене қатысқан.  

Сотталушы Л. 4 қаңтарда сағат 22:40 шамасында Жамбыл облысы әкімдігі ғимаратының алдына жиналған топқа қосылып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, оларға қарсы күш қолданып, ғимаратқа тас лақтырып, мүлікті қиратуға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.

Сотталушы С. 4 қаңтарда сағат 23:00 шамасында құқық қорғау және 5513 ә/б әскери қызметшілерінің заңды талаптарына бағынбай, күш қолданып, олардың соққыға қарсы қалқанын қолымен итеріп, артынша теуіп, жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан.  

Сот шешімі

Прокурор сотталушыларға ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. 

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың шын жүректен өкінгенін және бұрын сотталмағанын ескерді. 

«Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сондай-ақ процестік келісімнің шарттарына сәйкес, Ж., І., Л., Е., Ж., Ә., А. және С.-ға түпкілікті пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде әрқайсысына 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.