Қазақстанда бір жылда қанша бала зорлық құрбаны болды
Биылғы қаңтар-сәуір айларында кәмелетке толмағандарға қатысты 772 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген
Қазақстанда кәмелет жасына толмағандарға жасалған әр 5 қылмыстың 2-уі сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты болып шығады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, ондай қылмыстардың жартысы немесе одан да көбі баланың жақын туыстары тарапынан жасалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Finprom.kz сайты келтірген дерекке сүйенсек, осы жылдың қаңтар-сәуір айларында кәмелетке толмағандарға қатысты 772 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, бұл – бір жыл бұрынғыдан 13,9%-ға аз көрсеткіш. Салыстыру үшін айта кетсек, 2021 жылдың осы кезеңінде республикада 897 құқықбұзушылық тіркелді, ал бұл одан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен бірден 33,5%-ға көп.
«Ал өңірлік тұрғыда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтардың басым бөлігі Алматы облысында тіркелген: 87 оқиға – бір жыл бұрынғыдан 8,7%-ға артық. Сондай-ақ Түркістан (76 жағдай, бір жыл бұрынғыдан 20,8% аз) және Қарағанды (74 жағдай, 10,8% аз) облыстары да кіреді. Мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтардың ең азы Қызылорда облысында тіркелген: барлығы 21 оқиға – бұл бір жыл бұрынғыдан 19,2%-ға аз», - дейді сарапшы мамандар.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар санының ең көбі Павлодар облысында (бірден 41,7%-ға, 34 жағдайға көбейген), ең азы Жамбыл облысында (бір жылда 52,3%-ға, 52 жағдайға азайған) байқалды.
«Қылмыстық кодексте қаралатын кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың 57,3%-ы, яғни 442 іс жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстар болды. Олардың саны бір жылда 16,8%-ға азайды. Бұл санаттағы қылмыстардың басым бөлігі, яғни 319 іс кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер болды. Бір жыл бұрын мұндай 402 қылмыс жасалған. Мұндай құқықбұзушылықтардың үлесі жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың 72,2%-ын және барлық құқықбұзушылықтың 41,3%-ын құрады. Жыныстық қатынасқа түсу немесе сексуалдық сипаттағы басқа да әрекеттер жасауға қатысты 120 қылмыс, зорлау бойынша 90 қылмыс, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты 68 қылмыс, кәмелетке толмағандарға қарсы азғындық әрекеті бойынша 40 қылмыс, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, ер адамның ұл баламен жақындасуы, лесбияндық немесе басқа да әрекеттер бойынша 1 қылмыс тіркелген», - дейді мамандар.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жиі кездесетін қылмыстық құқықбұзушылықтардың ішінде мүлікке қарсы 131 (ұрлық, алаяқтық, тонау) және көліктегі қылмыстық құқықбұзушылықтар (жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша 97 жағдай тіркелген.
Айта кетсек, ресми статистиканың оң динамикасына қарамастан, қазақстандықтар құқық қорғаушы мен БАҚ-тың араласуынсыз әділдікке жету немесе тым іс қозғау мүмкін емес деп жиі шағымданады.
Абай ауылындағы (Түркістан облысы) баланың жаға ұстатарлық оқиғасы айқын көрсеткендей, бала жарты жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырап келсе де, тек қоғам белсенділері шу көтерген соң ғана мемлекеттік құрылымдар жауап беруге мәжбүр болған. Бұған дейін шенеуніктер де, құқық қорғау органдары да сәбидің туыстарын елеусіз қалдырған. Тіпті, онымен қоймай баланың отбасын сотталған қылмыскердің туыстары қысым жасап, қудалаған.
Тақырыпқа орай: Мүфтияттың тағы қатысы жоқ болып шықты: Шу ауданындағы бала зорлығына қатысты ҚМДБ жауап берді
Биыл тағы бір атышулы оқиға жария болды: Алматыда «Мәриям» жекеменшік мектебінде 1-сынып оқушысы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Баланың әкесі зорлық-зомбылықты мұғалімдердің біліп, жасырғанына сенімді. Істі ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті ерекше бақылауға адып, Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
«Бастапқыда біздің қорымыз туралы жұрт аз білгендіктен, екі-ақ іс жария етілді. Біртіндеп бізге хабарласып, көмек сұрайтындар санынан жаңылып қалдық. Бізге ұлттық желі, арнайы call-орталық керек шығар, қазір Қазақстанның әр түкпірінен хабарласып, көмек сұрайтындардың санында қисап жоқ», - дейді «НеMolchiKZ» қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі.
Аталған қор жұмыс істеп жатқан алты жылда балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы 101 қылмысты тіркеген. Оның 53-і – балалардың жақын туыстары (өгей әкесі, туған әкесі, атасы, ағасы, ағасы, ағалары), үшеуі педагог-тренерлер тарапынан жасалған. 40 арыз бойынша үкім шығарылды, оның ішінде 4-еуі кәмелетке толмағандарды топтасып зорлау бойынша болса, 39 іс әлі қаралып жатыр. Балаларды зорлаған 48 зорлықшы сотталған.