Мүфтияттың тағы қатысы жоқ болып шықты: Шу ауданындағы бала зорлығына қатысты ҚМДБ жауап берді
Ауыл тұрғындары арасында тараған видеода күдіктінің мешіт қызметкері екенін айтылған
ҚМДБ баспасөз қызметі Шу ауданында жас балаларды ұзақ уақыт бойы зорлады деп айыпталған күдіктінің мешітке қатысы жоқ екенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Күні кеше Шу ауданында болған сұмдық оқиғаны естіп жүрегіміз сыздады. Сонымен қатар жаңалықтарда бұл азғынды мешіт имамының көмекшісі депті. Алайда зорлықшы Шу ауданы Бірлік ауылының 1992 жылы дүниеге келген, еш жерде жұмыс істемейтін ауыл тұрғыны мешітке кейде келіп жүргені болмаса, мешіттің діни рәсімдеріне қатысы жоқ. Жамбыл облысында мешіт қызметкері ретінде тіркелмеген. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті БАҚ-тың жоғарыда аталған ауыл тұрғынын мешіт көмекшісі деп айтқаны шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың 23 қазанында жарық көрген «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» басылымында «мешіт көмекшісі» деген лауазым жоқ екені белгілі. Мешітке түрлі адамның келіп-кететіні баршаға мәлім», - делінген ресми хабарламада.
Күні кеше Шу ауданының 30 жастағы тұрғыны тоғыз жастағы екі жеткіншекке ұзақ уақыттан бері азғындық жасап келген деген күдікпен ұсталып, қамауға алынған болатын.
МЕШІТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚАТЫСЫ БАР ДЕГЕН ЗОРЛЫҚ ІСТЕРІ
Еліміздің түрлі өңірлерінде «мешіт» қызметкерлерінің қатысы бар деген зорлық істері бұған дейін де бірнеше рет орын алған. Тіпті зорлық фактісі дәлелденіп, сотталған имамдар да бар. Бірақ ҚМБД ол фактілерге қатысы бар адамдардың бәрінің мешітке қатысы жоқ деген ұстанымда.
2013 жылы ОҚО-да мешіт қызметкеріне кәмелет жасқа толмаған қызды зорламақ болды деген айып тағылған болатын. Мешіт Шымкент маңындағы «Қайнар бұлақ» саяжай алабында орналасқан. Оңтүстік Қазақстанның бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің журналистерге баяндауынша, қыз зорлауға айыпты азамат шын мәнінде, имам емес. Ол жергілікті тұрғындардың ұйғаруымен имамның міндеттерін атқарушы болған. Бірақ ауыл тұрғындары ұсталған азаматты имам ретінде танып келгенін айтқан. Ал өз кезегінде имам 12 жастағы қызды зорламақ болғанын мойындаған.
2021 жылы Алматыда мешіт күзетшісі құран оқуға келген 18 жастағы азаматты зорлады деген күдікке ілінген болатын. Бұл туралы белгілі адвокат Айман Омарова желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, күзетші жас жігітті мешіттегі бөлмеге апарып, қол-аяғын байлап, ұзақ уақыт бойы ұстап жыныстық қысым жасаған. Адвокат мұндай жағдайдың мешітте болып жатқаны өкінішті екенін айтты. Аталған факт бойынша қылмыстық іс ашылған.
Оқи отырыңыз: Имамның көмекшісі ме: Жамбыл облысында 9 жастағы екі баланы ұзақ уақыт зорлап келген
2021 жылы Қарағандыда жарты жыл бойы 13 жасар қызды зорлап, жүкті еткен ауыл имамының үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейіннен сот шешімімен зорлықшы 20 жылға сотталды. Баланы зорлау 2020 жылдың 3 қаңтарында басталған. Сол күні ауыл молдасы қыздың отбасына үй шаруашылығына көмектескен. Бір сәтте ол ересектердің үйде болмағанын пайдаланып, қызды зорлаған. Содан кейін ауыл молдасы қызды тағы үш рет: сол жылдың ақпан, наурыз және маусым айында зорлаған.
2022 жылы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 47 жастағы молда 14 жасар оқушы қызды зорламақ болды. Оқиға 2021 жылдың 24 ақпанында оқушының өз үйінде болған. Анасының айуынша, кешкі сағат 21.00 шамасында көршісіне қарыз ақшаны беруге шығып кеткен. Үйде 14 жасар қыз сіңлісі екеуі қалыпты. Осы сәтте молда үйіне кіріп, үлкен қызын зорламақ болыпты. Ал кенже қызы қорыққанынан тығылып қалған. Анасы үйіне келгенде ер кісі сыртқы киімін шешіп, жейдесінің түймелерін ағытып үлгеріпті. Дереу дабыл қағып, молданы көршісі жалаңаяқ қашып бара жатқан кезде ұстап алады. Жәбірленушінің анасы полицияға сол күні арыз жазған. 2021 жылдың желтоқсан айында имам сот үкімімен 15 жылға сотталды.