Имамның көмекшісі ме: Жамбыл облысында 9 жастағы екі баланы ұзақ уақыт зорлап келген
Шу ауданының 30 жастағы тұрғыны жеткіншектерді ұзақ уақыттан бері зорлап келген
Жамбыл облысында да сұмдық жағдай болды. Шу ауданының 30 жастағы тұрғыны тоғыз жастағы екі жеткіншекті ұзақ уақыттан бері зорлап келген. Үшінші сынып оқушыларына азғындық жасады деген күдікті ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізгенде Шу ауданының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 12-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге қатысты Шу ауданының сотымен қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Барлық сараптама тағайындалды», - деді Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Таратылған мәліметтерге сүйенсек, 43 жастағы жергілікті тұрғын баласы мен оның досының жыныстық сипатта зорлыққа ұшырағанын айтып полицияға шағым түсірген. Арызда екі балаға ауылдағы қараусыз тұрған ғимараттардың бірінде қиянат жасалғаны айтылған.
Ал бейресми ақпараттарға сенсек, сорақылық оқушының бірінің денсаулығы күрт нашарлап дәрігерге қаралғанда анықталған. Тоқ ішегіне қатты зақым келген. Оқушы азғынның құрбанына айналғанын айтуға қорыққан. Педофил болған жағдайды біреу-міреу естісе, «өздеріңді де, ата-аналарыңды да өлтіремін» деп сес көрсеткен. Жеткіншектер бір жыл бойы іштен тынып жүрген.
Оқи отырыңыз: «Анасы қайтыс болған»: Алматыда сабақ кезінде зорланған оқушының әкесі мән-жайды айтып берді
Ел арасында, күдіктінің ауыл имамының көмекшісі екені айтылуда. Бірақ облыстың бас имамы бұл деректі теріске шығарып, қол астында ондай қызметкердің мүлдем болмағанын жеткізді.