Елордада жол жөндеумен айналысатын компанияларға 540 млн теңге айыппұл салынды
Тендерлердің жалпы сомасы 14,7 млрд теңгені құрады
Елордада мемлекеттік сатып алу кезінде бір-біріне көмектескен компаниялар 540 миллион теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің «АБК-Автожол НС» ЖШС және «Қазақжолқұрылыс» ЖШС-іне қатысты жүргізілген тергеп-тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша бір жылға жуық уақытқа сот талқылауын аяқтады.
«Тендерлердің жалпы сомасы 14,7 млрд теңгені құрады. «АБК-Автожол НС» ЖШС және «Қазақжолқұрылыс» ЖШС-нің мемлекеттік сатып алуға қатысқаны, олардың бірі екіншісіне сатып алуды ең жоғары бағамен өтті деп тану үшін жалған бәсекелестік тудырғаны анықталды.
Атап айтқанда, 2020 жылғы 9 сәуірде сатып алуды ұйымдастырушы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 7 280 315 541 теңгеге тендер жариялады. «АБК-Автожол НС» ЖШС бастапқы бағаға тең баға – 7 280 315 541 теңге, ал «Қазақжолқұрылыс» ЖШС бастапқы бағадан 0,004%-ға, немесе 315 541 теңгеге төмендетіп, 7 280 000 теңге ұсынды. Конкурс қорытындысы бойынша «Қазақжолқұрылыс» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Нәтижесінде, 7 лоттың қорытындысы бойынша тергеп-тексеру объектілері ешқандай бәсекелестік күрессіз бастапқы бағаға тең бағаны немесе ең аз төмендетуді ұсына отырып, бір-біріне жалғыз бәсекелес ретінде әрекет еткен, ең төменгі бағаны төмендету кезінде жеңімпаз деп танылды», - делінген хабарламада.
Ұйымдар тергеп-тексеру нәтижелері бойынша астаналық монополияға қарсы департаменттің қорытындысын бекіту туралы бұйрыққа шағымданды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы үш сатыдағы сот талқылауының нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның пайдасына шешім шығарды.
«АБК-Автожол НС» ЖШС және «Қазақжолқұрылыс» ЖШС-ға қатысты әкімшілік істер қозғалды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2021 жылғы қазанда қарау нәтижелері бойынша кәсіпорындар айыппұл салумен және «АБК-Автожол НС» ЖШС – 106,3 млн теңгеге, «Қазақжолқұрылыс» ЖШС – 433,5 млн теңгеге монополиялық кірісті тәркілеумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2022 жылғы сәуір-мамыр айларында апелляциялық сатыда қаралған істердің қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының соты бірінші сатыдағы соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды. Соттардың қаулылары заңды күшіне енді.
«АБК-Автожол НС» ЖШС өтеу кестесіне сәйкес айыппұлдың бір бөлігін 54,7 млн теңге төледі.