Павлодарда мектептен шыққан өрт сөндірілді
Өрттен зардап шеккен мұғалімнің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр
Тілсіз жау сағат 10.15-те сөндірілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жалын 1220 шаршы метр аумақта кабинеттердің шатырын шарпып, жиһаздар жанған.
«Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды. 1975 жылы туған әйел адам «жанған өнімдермен улану» диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деді департаментте.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов Павлодардағы мектеп өртіне қатысты пікір білдірді
Естеріңізге сала кетейік, сағат 08.04-те «101» пультіне Торайғыров көшесі 24 мекенжайы бойынша орналасқан № 28 мектептен өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнында жеке құрамнан 70 қызметкер және 13 техника, апаттық медицина орталығынан 4 қызметкер және 1 техника, жергілікті атқарушы органдарынан үш адам мен үш техника жұмыс істеді.
Айта кетерлігі, аталмыш мектеп 2020 жылы «Заманауи мектеп» жобасы бойынша жөндеуден өткен.