$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аймағамбетов Павлодардағы мектеп өртіне қатысты пікір білдірді

Павлодар қаласындағы №28 мектептегі өрт әлі ауыздықталған жоқ

Аймағамбетов Павлодардағы мектеп өртіне қатысты пікір білдірді
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміз мектептерінде жиі болып тұратын өртке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Сенатта тілшілерге берген сұхбатында БҒМ басшысының айтуынша, ол барлық қазақстандық білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі бойынша толық тексеру жүргізуді тапсырды.

«Мектеп пайдалануға берілген кезде де, жөндеуден өткеннен кейін де, оқу жылы басталғанға дейін де міндетті түрде өрт сөндіру қызметінің актісі болуы керек. Сондықтан ондай анықтамалар мен актілер болған шығар деп ойлаймын. Павлодар қаласындағы №28 мектептегі өрттің неден шыққанын тергеу барысы анықтайды. Мендгі мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Бір мұғалім осы жағдайға байланысты психологиялық қиындыққа тап болған, оған көмек көрсетіліп жатыр», - деді Аймағамбетов.

Ол павлодарлық мектеп ғимараты толығымен тексеріліп жатқанын, өрттің шығу себебі анықталатынын айтты. Егер зерттеу ғимараты балалардың одан әрі білім алуына қауіпсіз екенін көрсетсе, онда өрттен зардап шеккен аумақтар қалпына келтірілгеннен кейін сабақ жалғасады. Бірақ ғимарат оқуға жарамсыз болып табылса, Павлодар әкімдігі материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қашықтық және т.б. мәселелерді ескере отырып, балалардың басқа білім беру ұйымдарында оқуын жалғастыруы үшін шаралар қабылдайды.

Қазіргі таңда №28 мектепте шыққан өрт әлі сөндірілген жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша өрт 1200 шаршы метрге тараған. Дегенмен, нақты мәліметті кейінірек өрт сөндірушілер жариялайды. Төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіру бірнеше себепке байланысты қиынға соғып жатқанын айтты.

«Өрттің күшті таралуына, жанғыш заттардың көп болуы және түтіннің қою болуы, өрттің кеш анықталғаны себеп болып отыр. Өрт туралы тым кеш хабарланды. Өртті өздері өшіріп көруге әрекеттеніп, уақытты ұттырып алған сияты», - деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Қайрат Шаймарденов департамент қызметкерлеріне ескерту жасалғанын айтты. Жалынмен 70 адам күресіп жатыр, 13 бірлік техника жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органдар үш су тасымалдағыш берді. Төтенше жағдайлар қызметі өртті толық сөндіру үшін мектептің шатырын алып жатыр.  

 
Серіктес жаңалықтары