Шымкент емханасындағы бос жұмыс орындарын сатқан бас дәрігер сотталды
Сот бас дәрігерді жеті жылға қауіпсіздігі орташа мекемеге қамау туралы үкім шығарды
Шымкенттегі емханалардың бірінің бас дәрігері пара алғаны үшін түрмеге жабылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
«Мекемедегі бос орындарды сатуды №11 емхананың бас дәрігері Данияр Айтбаев ұйымдастырғаны белгілі болды. Бас дәрігер инспектор Шайғаным Қиясовамен бірге емханаға жұмысқа тұруға өтініш білдіргендерге еңбекақысын төлеуге ұсыныс жасаған. Олар невропатологтан 100 мың теңге алып үлгеріпті. Медбике қызметін сотталушылар 300 000 теңгеге сатып жіберген», - делінген хабарламада.
Жұмысқа тұру үшін бас дәрігерге ақша беруге мәжбүр болған екі әйел бірден Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арызданған.
Сотта арадағы «табыстың» 90 пайызы бас дәрігердің қолына, қалғаны делдалға өткені белгілі болды. Күдіктілер таңбаланған ақшамен қамауға алынды. Сот бас дәрігерді жеті жылға қауіпсіздігі орташа мекемеге қамау туралы үкім шығарды. Экс-инспекторға сегіз миллион теңге айыппұл салынды.