Жұмбақ жағдайда қаза тапқан қызылордалық сарбаздың туыстары сотқа жүгінбек
Қайғыдан қан жұтқан отбасы оқиғаның көлеңкелі тұстары көп деп отыр
Жамбылдағы әскери бөлімде жоғалып кетіп, 39 күнде денесі таудан табылған Ұлықбек Бердішовтың жақындары сотқа арызданбақшы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы оқиғаның көлеңкелі тұстары көп деп отыр. Мәйіттің маңында жатқан әскери киімдер өң бермеген, таза күйінде табылды дейді. Ақжарқын, тіл алғыш баланың мұндай әрекетке өздігінен бармайтынына сенімді. Сондықтан біреулерден қысым көруі мүмкін деген туыстары кінәлілердің жазалануын талап етуде.
«Медициналық сараптама жасаған мамандарға осындай сұрақ қойдым. «Мына мәйітке қанша уақыт болған, қанша күн болған?» дегенімде, «Ары кеткенде 1,5-2 апта болған» деді. Сонда қалған уақытта бұл бала қайда болды, кім ұстап отырды. Оны суицидке кім жеткізді? Күдік көп, күмән көп, сұрақ көп. Соның жауабын бізге кім бере алады?», - дейді Ұ. Бердішовтің тысы Дәрігүл Жұмағалиева.
Сарбаздың денесіне Тараз қаласында сот медициналық сараптама жасалған. Туыстарының айтуынша, оның қорытындысы 1 айдың көлемінде белгілі болады. Ал күні кеше жақындары Ұлықбектің денесін жер қойнына тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбылдағы шекара қызметіндегі «Андас батыр» заставасында әскери борышын өтеп жүрген Ұлықбек Бердішов 2 наурызда іс-түзсіз жоғалған болатын. Арада бір жарым ай өткенде оның мәйіті Қырғызстан шекарасынан, тауда асылып тұрған күйінде табылды.