Ресейдің «Москва» зымыран крейсері суға батып кетті

Azattyq Rýhy

Кеме корпусы оқ-дәрілердің жарылуынан шыққан өрттен қатты зақымданған болатын

 

 

Фото: ТАСС

Оқ-дәрілердің жарылуынан шыққан өрт салдарынан корпусы қатты зақымданған «Москва» зымыран крейсерін сүйреп бара жатқанда суға батып кетті. Бұл туралы РФ Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Оқ-дәрілердің жарылуынан шыққан өрттен корпусы зақымданған «Москва» крейсерін межелі портқа қарай сүйреп апара жатқан кезде, кеме орнықтылығын жоғалтты. Теңізде дауыл болып тұрғандықтан кеме суға батып кетті», - делінген әскери ведомство хабарламасында.

Бұған дейін хабарланғандай, крейсер экипажы сол маңдағы Қара теңіз флотының кемелеріне эвакуацияланған болатын.

Айта кетсек, бейсенбі күні таңертең РФ Қорғаныс министрлігі Қара теңіз флотының «Москва» гвардиялық зымырандық крейсері өрт салдарынан болған оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қатты зақымдалғанын, экипаж флот кемелеріне эвакуацияланғанын хабарлады. Сондай-ақ өрттің шығу себебі анықтап жатқандарын айтқан болатын.

Кейінірек крейсердің зымырандық қару-жара бөлігі зақымданбағаны, оны портқа сүйреп апару шаралары жүргізілгені хабарланды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.