$ 513.68  583.03  6.24
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әкемді көрінен қазып алып, басқа жерге көмген»: СҚО тұрғыны полицияға арызданды

Оның дүние салған басқа туыстары да әкесінің жанында жатыр

«Әкемді көрінен қазып алып, басқа жерге көмген»: СҚО тұрғыны полицияға арызданды

Солтүстік Қазақстан тұрғыны Игорь Лазерев «ауылдасым әкемді көрден қазып алып, басқа жерге көмді» деп полицияға арызданды. Шағымданушы Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим  ауылында тұратын кәсіпкерді кінәлайды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Игорь Лазерев зиратқа келіп, жағасын ұстағанын айтады. Әкесінің басында тұрған белгі басқа жерге қойылған. Маңында топырақтың шашылғаны мен төмпешіктің түсіп кеткеніне қарағанда ол әкесін біреулер қазып алып, басқа жерге көмгеніне сенімді.

«Әкем былтыр қайтыс болды. Марқұмды туыстардың жанына жерледік. Дүние салған әжем де сонда жатыр. Бірнеше жыл бұрын оның бас жағына жергілікті кәсіпкер баласын жерлеген болатын. Әкем мен оның ар жағында жатқан адамның моласы арасында ары қарай өтетін жер тар. Сондықтан күдікті әкемді қазып алды деп ойлаймын. Ол маңындағы жерленген адамдардың үстіне тас жол төсеп астаған. Мұндай әрекет жасаушыны «адам» деп атауға болмайды. Зиратты көргенде қазір қандай күйде болғанымды айту қиын. Өмірде талай жағдай болады ғой. Бірақ мен мұндайды көрмек түгіл, естіген емеспін. О дүниелік адамдарды осынша қорлауға бола ма», - дейді Игорь.

«КӘСІПКЕР ҚОҚАН-ЛОҚЫ КӨРСЕТТІ...»

Игорь Лазерев түсірген бейнежазбада тас төсеме мен топырақтың шашылып жатқаны анық көрінеді. Оның дүние салған басқа туыстары да әкесінің жанында жатыр.

«Әкем қайтыс болғаннан кейін кәсіпкер маған қоқан-лоқы көрсете бастады. Ол менен мәйітті қазып алып, басқа жерге көмуді талап етті. Өйткені оның баласының жанында ешкімге жатуға болмайды екен. Мен оның айтқанын орындамадым. Орындамақ түгіл, олай ойлаудың өзі қисынсыз ғой. Әкемнің зираты пайда болғанға дейін ол жерде тас төсеме болды. Мен оны алып тастап, әкемді жерледім. Кәсіпкер ол жерді өз меншігіне санап жүр екен. Марқұм әкем жатқан жердің топырағы ішіне түсіп кеткен. Шамамен 6-7 метр жерде жаңа төмпешік пайда болыпты. Басында әкемнің аты-жөні жазылған белгі тұр. Шынымды айтсам, әкемнің қайда жатқанын білмей дал болдым. Бәрі анықталғанша жаным тыныштық таппайды», - дейді Игорь Лазарев.

Игорь туысының зиратын қазған адамдарды тауып алып, заң бойынша жазаға тартуды көздейді. Сондықтан қазір құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүргенін айтты. Ол істің баяу жүріп жатқанына назалы.

«Кәсіпкермен сөйлесіп көрген жоқпын. Ол адаммен жүздескім де келмейді. Оны «адам» деуге де болмайтын шығар. Мұндай әрекетті тек есінен адасқандар жасайды. Полиция да жұмған аузын ашпай отыр, одан жауап алды ма, жоқ па білмеймін. Кәсіпкердің аудан орталығында 2 қабатты ғимараты бар. Ішінде дәмханасы бар, сол сияқты пластик терезе жасайтын өндіріс орны орналасқан. Бірнеше жыл бұрын мешіт жанынан құрылыс бастады. Онысы заңға қайшы болып, тоқтап қалды. Бірақ былтыр жұмысы қайта жалғасты. Соған қарағанда оның заңсыз әрекеттері жетерлік сияқты. Мүмкін байлығына сенген болуы керек. Әкем қайтыс болғанда оның баласының аяқ жағына жерледім. Бұл әрекетім оған ұнамады. Сондықтан мәйітті қазып алып, басқа жерге апарды деп ойлаймын», - дейді арызданушы.

КҮДІКТІ ӨЗІНЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫППЕН КЕЛІСПЕЙДІ

Мән-жайды білу мақсатында кәсіпкер Игорь Батовқа хабарластық. Ол өзіне айып тағылып жатқанынан хабардар. Бірақ іске ешқандай қатысының жоқтығын айтты.

«Үстімнен полицияға арызданған кісіні танымаймын. Ешқашан көрген де емеспін. Сондықтан мен оған қоқан-лоқы жасады деу қисынсыз. Балам 2019 жылы қайтыс болды. Мен зиратқа сирек барамын. Соңғы рет баламның басында өткен күздің қыркүйегінде болдым. Ешкімнің мүрдесін қозғаған жоқпын. Бәлкім арызданушыға ақша қажет болған шығар. Мені айыптап, пайда көрмек. Оның әрекетін басқаша бағалай алмаймын», - дейді Игорь Батов.

ЭКСГУМАЦИЯ ҚАЖЕТ

Жапа шегуші кәсіпкердің үстінен полицияға шағымданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүгізілуде.

«Аталған факті Ғабит Мүсірепов аудандық полиция бөлімінде тіркелді. ҚР ҚК 314-бабының 1-бөлігінде «қайтыс болғандардың денелерін және оларды жерлеу орындарын қорлау» бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде барлық қажетті іс-шаралар жүргізілгеннен кейін заңды процестік шешім қабылданатын болады», - делінген СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі жолдаған жауапта.

Дегенмен істің анық-қанығына жету үшін адам жерленген орынды қайта қазып, марқұмның қайда жатқанын анықтау керек. Эксгумация жасау жөнінде нақты шешімді сот қабылдайды.

Серіктес жаңалықтары