Петропавлда жоғалып кеткен жасөспірім қыз аман-есен табылды
Жасөспірімді бір күннен кейін учаскелік полиция инспекторы тауып алды

Петропавлда із-түзсіз жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірім аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаменті хабарлағандай, 13 сәуір күні кешкісін белгісіз бағытта кеткен жасөспірімнің ата-анасы полицияға жүгінген. Жасөспірімді іздеуге учаскелік инспекторлар, ювеналдық полицейлер, патрульдік полиция, жедел уәкілдер мен басқа да қызметтердің қызметкерлері жұмылдырылды.
«Іздеу жұмыстарына еріктілер қосылып, әлеуметтік желілерде бағдарлар орналастырылды. Мессенджерлердегі ата-аналар чаттарына да ақпарат жіберілді. Ата-анасы бұған дейін өз күштерімен іздегенмен, еш нәтиже болмаған. Жасөспірімді келесі күні таңертең учаскелік полиция инспекторы Дәурен Қамзенов тауып алды. Ол кәмелетке толмаған баланы ювеналдық полицейлерге табыстады», - делінген ПД хабарламасында.
Анықталғандай, жаураған баланы облыс орталығында тұратын қамқор әйел түнеуге қалдырған. Таңертең ата-анасына хабарлауды жоспарлаған.
Оқи отырыңыз: Петропавлда жоғалып кеткен жасөспірім қыз іздестіріліп жатыр
«Баланы аман-есен ата-анасына табыстадық. Профилактикалық тұрғыда әңгімелесу жүргізіліп, жауап алынды. Психолог маман жұмыс жүргізуде. Ересектерден балаларына бас-көз болуларын сұраймыз. Балалардың бос уақытына, тәртібіне назар аударған жөн», – дейді Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.