ШҚО-да өткен тәулікте 5 өрт оқиғасы тіркелді

Azattyq Rýhy

Өрттен қаза тапқандар жоқ

ШҚО-да өткен тәулікте 5 өрт оқиғасы тіркелді

Өткен тәулікте Шығыс Қазақстан аумағында бес өрт оқиғасы тіркелді, 4 газ баллоны шағырылды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте облыс аумағында бес өрт оқиғасы тіркелді, құтқарушылар 4 газ баллонын шығарды.

Семейде Связистер кентінде саяжай үйінің кіреберісі, есік және терезе бөліктері, төбе жабындысы өртенді. Өрттің жалпы аумағы – 35 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын орнатуда және пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.

Екінші оқиға Бесқарағай ауданында тіркелді. Бұл жерде 48 Га алаңдағы құрғақ шөп өртеніп, шаруа қожалыққа тиесілі шаруашылық құрылысқа тарап, құрылыстың 200 шаршы метрді құрайтын қабырғалары мен төбесі, сондай-ақ құрылыстың шатырында жиналған 70 тоннадағы пішен өртенді. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі – отты абайсызда пайдалану.

Осы күні Аягөз ауданы орталығында, Дүйсенбаев көшесіндегі жер үй аумағындағы жиналған құрғақ шөпті балалар жағып жіберген. Өрттің үй мен шаруашылық құрылыстарына тарау қаупі болды. Құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында 36 шаршы метр алаңдағы өрт сөндірілді.

Шемонаихада Северный көшесінде екі үй иесіне арналған жер үйде өрт шығып, үйдің ағаш бөліктері, шатыры, үйге жанама орналасқан құрылыстың ағаш бөліктері қызыл жалынға оранды. Құтқарушылармен 40 шаршы метр алаңдағы тілсіз жау жойылды. Болжам бойынша – пешты орнатуда және пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.

Бесінші оқиға облыс орталығында тіркелді. Зайсан көшесіндегі жер үйдің шатыры және кіреберісі өртенді. Қызыл жалын 100 шаршы метр алаңға тарады. Өрт сөндіру кезінде құтқарушылармен 4 газ баллоны шығарылды. Болжам бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын орнатуда және пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.