Жамбыл облысында оқушы пойыз астына түсіп мерт болды
Жасөспірімнің құлаққап киіп кетіп бара жатқаны белгілі болды
Жамбыл облысында 16 жастағы жасөспірім пойыз астына түсіп мерт болды. Рельс арасында келе жатқан жасөспірімді жүк пойызы қағып кеткен. Дәрігерлер мектеп оқушысының өмірі үшін төрт сағат бойы күрескенімен, ол алған жарақаты салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Боранды стансасының маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, бозбала теміржолдың арасында бір құшақ отын көтеріп келе жатқанда оны қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыз іліп кеткен. Машинист сигнал беріп, тіпті жылдамдығын азайтуға тырысқанымен, жүк көлігін шұғыл тоқтату мүмкін болмаған.
Кейінірек жасөспірімнің құлаққап киіп кетіп бара жатқаны белгілі болды. Мектеп оқушысы көпбалалы отбасынан шыққан. Ол күнделікті рельс арасынан өтіп, үйін жылыту үшін отын жинап жүрген екен.
«Оқиға Боранды – Сұрым бекеттері арылығында болды. Жүк тиелген 44 вагоны бар пойыздың машинисі шұғыл тежегішті басқанымен, жол апатының алдын алу мүмкін болмады. Өңір тұрғындарынан теміржолды кесіп өту ережелерін сақтауды және балаларға үйретіп отыруды сұраймыз», - деді Боранды бекеті желілік полиция бөлімінің бастығы Шәміл Керімбаев.