$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.03.2022, 23:32
Оқиғалар

Жамбылдағы 17 адамның өлімі 4 сарбаздың мойнына ілінуі мүмкін

Күдіктілердің жақындары жоғары лауазымды әскерилер бар кінәні жауынгерлерге жаба салды деп санайды

 

Жамбыл облысы 17 адамның өлімі 4 сарбаздың мойнына артылуы мүмкін. Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа бірнеше жауынгер айыпталып жатыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамауға алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап

Ал күдіктілердің жақындары жоғары лауазымды әскерилер өздерін ақтап алу үшін бар кінәні жауынгерлерге жаба салды деп санайды.   

Шымкенттің тумасы Әсет Әшірбай Құландағы 42062 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Сол жерден жалпы саны 40 сарбаз Байзақтағы әскери бөлімге жеткізіліп, оларға қару-жарақ қоймасын тазарту жұмыстары жүктеліпті. 26 қазан күні 4 жауынгер сол тапсырманы орындауға қалған. Олар кетіп қалғасын бір сағаттан соң жойқын жарылыс болған. Енді осы жағдайға қоймадан соңғы шыққан төртеуі айыпталуда. 

«19 қазанда балаларымыз қайтуы керек еді. Біз, ата-аналары күтіп отырмыз. Әрқайсысы әр жақта жүрді. Оларды тағы 10 күнге қалдырды. Сол жарылыстың кесірінен сарбаздардың ішінен төртеуін тергеуге алған», - дейді Ә.Әшірбайдың анасы Алмагүл Асанова. 

Сарбаздар өткен жылдың қазан айында әскери борышын өтеп болып, артынша келісімшарт негізінде қызмет етуге қалады. Кейін біртіндеп тергеуге шақырыла бастайды. Ал бірнеше күн бұрын төрт әскериді қамауға алыпты. Екі бап бойынша айып тағылған – бөтеннің мүлікін қасақана жою немесе бүлдіру және әскери мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру.   

Балаларын қорғаған ата-аналар жоғары лауазымды әскерилер өздерін ақтау үшін бар кінәні жазықсыз жауынгерлерге жауып жатыр дейді. Бұлай секем алулары бекер емес. Өйткені кейбір ата-анаға әскери шенділер күдікті ұсыныс жасаған.  

«Маған мына жердегі бастық Мамырбаев «Балаңызды көндіріңіз, басқа біреуге аударамыз» дейді. «Не үшін? Мен баламмен сөлесемін» дедім. Баламның «Біз еш нәрсе істеген жоқпыз» дейді», - деді Алмагүл Асанова.

Ал әскери тергеу басқармасы бұл іске қатысты ләм-мим деп жауап бермеді.

Былтыр тамыз айында Байзақ ауданындағы әскери бөлімінде жойқын жарылыс болып, 17 адам ажал құшқан. Бір жауынгерден әлі күнге хабар жоқ. Оқыс жағдайдың себебі де сол күйі айтылмады. 

 

Серіктес жаңалықтары