Ақмола облысында жолда қалған 200-ден астам адам құтқарылды
Өңірде 11 наурызда күндіз және 12 наурызға қараған түнде қатты қарлы боран болған
Ақмола облысында құтқарушылар, полиция мен жергілікті атқарушы органдар бір түннің ішінде тасжол бойындағы 200-ден астам адамды құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз мәліметінше, өңірде 11 наурызда күндіз және 12 наурызға қараған түнде қатты қарлы боран болған.
«Өткізу бекеттерінде 400-ден астам көлік жиналып қалған. Боран қаупі туралы СМС-хабарламаларды елемей жолға шығып кеткен ақмолалықтар түнде жолда қалған. Құтқарушылар бір түннің ішінде облыстың тасжолдарынан 247 адамды, оның ішінде 96 баланы жылыту пункттеріне эвакуациялады. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен эвакуация пункттерінде ыстық тамақ ұйымдастырылды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында жолда үсіп қалған жолаушылар болған жоқ.
Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп, Аршалы, Шортанды, Бурабай аудандарында құтқару жұмыстарын жүргізген.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті жолдардың жабылғаны туралы СМС хабарлама алғаннан кейін облыс тұрғындары қайғылы жағдайдың алдын алу үшін аталған бағыттар бойынша жүруден бас тартуы керек екенін еске салады.