БҚО-дағы қанды оқиға: қаза болған отбасы Ресейде жерленетін болды
Марқұмдардың сүйегін қыздары Наталья Белова Ресейге алып кетпек
Бәйтерек ауданы Янайкино ауылында кісі қолынан қаза тапқан кәсіпкер Александр Запромётный мен оның әйелі Валенитна және ұлы Сергей Ресейде жерленетін болды. Марқұмдардың сүйегі қыздары Наталья тұратын Новокуйбышевскіге жеткізілетін болды, деп хабарлайды «Уральская неделя» басылымы.
«Марқұмдармен қоштасу 17 қаңтар күні таңертең болады. Содан соң марқұмдардың сүйегін Ресейге алып кетеді», – деді Янайкино ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин.
Отбасының ешкіммен жанжалдаспайтын жуас әрі көмегін аямайтын қайырымды жандар екенін айтқан жергілікті тұрғындар олардың бай болмағанын, сондықтан ақша үшін өлтірді дегенге еш себеп жоқ екенін айтады.
«Оларды қырып салған қанішер кім болса да, сырттан келген адам деп болжап отырмыз. Өйткені, олардың дүкені болғанымен, қарапайым зейнеткерлер еді. Ал Ресейде тұратын ұлы мен қызы да қарапайым өмір сүрген екен, ұлы таксист болған», – дейді тұрғын Ураджали Самедов.
Еске салсақ, 14 қаңтар күні Янайкино ауылында Запромётовтер отбасын әлдебіреулер өлтіріп, үйіне от қойып кеткен болатын. Өрт сөндірушілер келген уақытта үйдің ішінен 66 жастағы Александр Запрометовтың, оның жұбайы Валентинаның және 42 жастағы ұлының пышақталған денелері табылған.