БҚО-дағы қанды оқиға: Кәсіпкердің әйелі қоңырау шалып үлгерген
Кісі қолынан қаза тапқан отбасының көршілері мен таныстары қайғылы оқиғаның мән-жайымен бөлісті
Батыс Қазақстан облысында кісі қолынан қаза тапқан отбасының көршілері мен таныстары қайғылы оқиғаның мән-жайымен бөлісті, деп хабарлай «Мой город» басылымы.
Басылым қызметкері қанды оқиға болған Янайкино ауылына барып, қаза болған отбасын танитын адамдармен және олардың көршілерімен тілдескен.
Ауылда марқұмдардың жеке дүкені болған екен. Олар наубайханада нан өнімдерін пісіріп сатқан.
Аталған отбасының дүкенінде 15 жылдан астам уақыт сатушы болып жұмыс істеген ауыл тұрғыны Елена атты келіншек Валентина Запрометованың (бизнесменнің жұбайы) қайтыс болар алдында өзіне қоңырау шалып үлгергенін жеткізді.
Ол телефон арқылы хабарласып: «Бәрімізді бауыздап кетті, Сергейді (ұлдары) де», – деп айтыпты.
Еленаның сөзіне қарағанда, содан кейін байланыс үзілген. Сондықтан ол дереу болған жағдайды айтып, учаскелік инспекторға хабарласыпты.
Марқұмдардың Владимир есімді көршісі БАҚ өкілдеріне олардың өте жақсы адамдар болғанын мәлім еткен. Ол көршілеріне неліктен мұндай қастандық жасалғанын түсінбейді. Ауыл тұрғындары қайғылы оқиғадан шошынып қалған.
Еске сала кетейік, 14 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде отқа оранған тұрғын үйге келген өрт сөндірушілер үй ішінен 3 адамның денесін тапқан.
Қайғылы оқиғадан 66 жастағы Александр Запрометов, оның жұбайы Валентина және олардың 42 жасар ұлы көз жұмған. Қазіргі уақытта оқиға орнында полицейлер жұмыс істеуде. Куәгерлерден жауап алынып жатыр.
Дереккөз: Nur.kz