$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.01.2020, 01:13
Оқиғалар

Атырауда табылған нәрестеге дәрігер өз тегін беріп, өкіл әкесі атанды

Шақалақты жақын маңда тұратын қария таңға жуық тауып алған

Атырауда табылған нәрестеге дәрігер өз тегін беріп, өкіл әкесі атанды
© AFP 2019

16 қаңтар күні Атырауда жылу құбырларының арасынан жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабар бүкіл жұрттың жағасын ұстатқан еді. Үсіп өлуге шақ қалған шақалақты сол маңдағы үйдің тұрғыны құтқарып қалған болатын.

Таңғы сағат 6.00 шамасында даладан шырылдаған сәби дауысын ең алдымен сол маңда тұратын кейуана естіген екен. Іздеп жүріп, жартылай жабық құбырдың қуысынан орамалға оралған баланы тауып алған қария оны дереу үйге әкеліп, жылытып, артынша жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларын шақырыпты.

«Алдымен екі қыздың күлген даусын естідім. Содан кейін күлкі сап тыйылып, тынышталып қалды. Артынша баланың жылаған дауысын естідім. Басында анасы жұбата алмай жатқан болар деп ойлағанмын. Терезеден қарасам, ешкім жоқ. Сәбидің жылаған дауысы үдеп кеткен соң үйдің бұрышына келсем, шақалақты тастап кетіпті», – дейді оқиға куәгері Надежда Паний.

Әбден тоңып, жүрек соғысы тоқтаудың аз-ақ алдында қалған шақалақты кейуана үйіне апарып жаялығын ауыстырып, дәрігер шақырған. Облыстық балалар ауруханасына жеткізілген нәресте шұғыл көмектің арқасында аман қалды. Әзірге еш жақыны табылмаған бала дәрігерлер қарауында. Оған өкіл әке де осы жерден табылды.

«Жалпы туа біткен ақаулары жоқ. Баланың дені сау, анасы айы-күніне жетіп босанған. Бізге түскен кезде салмағы 3 340 грамм, бойы 50 см болды. Өзімнің туған күнімде түскен соң таңертең бөлімшедегі қызметкерлермен ақылдаса келе, оның тегіне менің атым берілді. Өзімнің 4 қызым бар, ұлым болмаған соң, «бесінші қызың» деп бөлімшедегілер әзілдесіп Ұлдана деп атын қойдық. Ғалымова Ұлдана болды», – дейді Атырау облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Ғалым Ембергенов.

Ең бастысы, нәресте дін аман, ертең жансақтау бөлімінен шығады. Ал мәселенің ақ-қарасын анықтау полицияның еншісінде.

«Қауіпті жағдайда сәбиді дәрменсіз күйінде көпе-көрнеу көмексіз қалдыру» бабы бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу біткенше жарияланбайды», – деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова.

Қазір тәртіп сақшылары нәресте табылған «Авангард» шағынауданда тұратын қыз-келіншектердің бәрін тексеріп жатыр. Жас босанғандардың сәбиі бар-жоғын тексеру барысында көкек ана табылып қалуы мүмкін. Егер безбүйрек ана ұсталса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Дереккөз: КТК арнасы

Серіктес жаңалықтары