Алматылық тұрғынның сарайынан сегіз «Сайга» қаруы табылды
Арнайы іс-шара кезінде 1984 жылы туған К. есімді азамат ұсталды
Алматы полицейлері тұрғыннан сегіз «Сайга» қаруын тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жолы Алматының Наурызбай ауданы тұрғынының сарайынан қару-жарақ, оптикалық көздеуіш және аңшылық құралдары сақталған орын табылды.
«Арнайы іс-шара кезінде 1984 жылы туған К. есімді азамат ұсталды. Жедел іс-шаралар барысында оның осы жылдың 5 қаңтарында «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқаны, нәтижесінде 12-ші калибрлі тегіс ұңғылы сегіз мылтықты ұрлағаны анықталды. Күдікті олжаны «қажет болғанға дейін» өзгелердің көзінен таса жерде, сарайда жасырғаны анықталды. Барлық қарулар тәркіленді. Оларға сараптама тағайындалды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
«Камерад» қару-жарақ дүкенінен қару-жарақ пен өзге де мүлікті ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі Әуезов аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімі тергеп жатыр.
Күдікті қамауға алынды.