ШҚО-да той үстіне кіріп келіп, оқ атқандар ұсталды
Үржар ауылында болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Шығыс Қазақстан облысында мейрамханада Жаңа жыл мерекесін тойлап жатқандардың үстіне қарулы адам кіріп келіп, оқ жаудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үржар ауылында болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Аталған оқиғаға қатысты Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
«1 қаңтар күні шамамен сағат 4:00-те Үржар ауылындағы мейрамханалардың бірінде жергілікті екі тұрғын өзара жанжалдасып, соның салдарынан атыс қаруын қолдана отырып, бұзақылық әрекеттерге барған. Екеуара атыс кезінде ешкім зардап шеккен жоқ», - делінген ШҚО ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 293-бабы, 3-бөлігі, яғни «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, оған сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қабылданған шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке тұлғасы анықталды. Олардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.