Үндістанда су тасқынынан 40-тан астам адам қайтыс болды
Сол сияқты 2 мыңнан астам мал қырылғаны анықталды

Үндістанның оңтүстік-шығысында нөсер мен су тасқыны салдарынан 40-тан астам адам қайтыс болды, тағы 100-ден астам адам хабар-ошарсыз кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy The Times Of India басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Андхра-Прадеш штатында 1300 ауыл су астында қалды, бірқатар елді мекен, соның ішінде Тирупати қаласы байланыссыз қалды, көпірлердің құлауына байланысты теміржол мен автомобиль қатынасы үзілді.
Құтқару операцияларына әуе күштері мен табиғи апаттарға қарсы күрес қызметтері кірісті. Андхра-Прадеш билігі қайтыс болғандардың отбасылары 500 мың рупийден (шамамен 6,7 мың доллар) алады деп мәлімдеді.
Келтірілген залал мөлшері жүргізіліп жатыр, жергілікті шенеуніктер су тасқыны басылғаннан кейін бұл ақпаратты бас министрге баяндауы тиіс. Қазірдің өзінде екі мыңнан астам мал қырылғаны белгілі, тек осы шығынның өзі 23 миллион рупийден (300 мың доллардан астам) асты.
Айта кетейік, 18 қарашада Үндістанның оңтүстік-шығысында толассыз нөсер жауды. Метеорологтардың айтуынша, жаңбырлы маусым аяқталғаннан кейін, 1 қазаннан бастап, Андхра-Прадеште 518 мм жауын-шашын жауған, бұл осы кезеңдегі орташа деңгейден бір жарым есе көп.