Екібастұз тұрғыны Ресейде тіркеуде тұрған көлігіне қазақстандық нөмір тағып жүрген
Қазір автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды

Екібастұз қаласында жалған мемлекеттік нөмірлік белгілері бар «ВАЗ-21093» маркалы автокөлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол көрші елде есепте тұрған автокөлігіне Қазақстанның жалған мемлекеттік нөмірлерін орнатқан. Бұл туралы Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 21 қараша күні сағат 15.30 шамасында Кеншілер көшесінде болған.
«Тәртіп сақшылары патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері «ВАЗ» автокөлігін жүргізген 35 жастағы жүргізушіні тоқтатты. Жүргізуші қозғалыс кезінде көліктің күндізгі жарықтарын қоспаған. Жүргізушіге осы бұзушылыққа жол бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 602-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды», - деп хабарлады Павлодар облысы Екібастұз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қайыржан Шакарғалиев.
Құжаттарды тексеру кезінде Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған көлікке ҚР жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі тағылғаны белгілі болды. Осыдан кейін екібастұздыққа жалған немесе қолдан жасалған нөмірді пайдаланғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
«Материал іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Екібастұз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Осы баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді», - деді Қайыржан Шакарғалиев.
Қазіргі кезде жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі алынып, автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.