Бір млн долларды қолдан жасаған алматылық алты жылға сотталды
Оның заңсыз әрекеті былтыр әшкереленді
Алматыда бір млн долларды қолдан жасаған тұрғын алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жалған ақша жасауға қарсы іс-қимыл ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің басым бағыттарының бірі болып саналады.
Осылайша, Агенттіктің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті өткен жылдың қыркүйек айында жалған 100 долларлық купюраларды өткізу дерегін анықтады.
«Қызметкерлер жедел бақылаудағы сатып алуды жүргізіп, оның барысында қала тұрғыны Т.Қалиев 293 мың АҚШ долларына жалған купюраларды өткізу әрекеті кезінде ұсталды.
Тергеу мәліметтері бойынша, Т.Қалиев 2020 жылдың қыркүйегінен қарашасына дейін номиналы 100 АҚШ доллары болатын жалған шетел валютасын бірнеше рет өткізген», - делінген ведомство хабарламасында.
Тінту нәтижесінде заңсыз айналымнан 975 мыңнан астам жалған доллар тәркіленді.
Т.Қалиевке 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.